$ 499.51  525.83  4.62

Астанадағы медициналық университет студенттері IELTS сертификатын сатып алған

Оқу орнындағы олқылық. «Астана» медициналық университетінде студенттердің арыз-шағымынан кейін ағылшын тіліне арналған IELTS-тің жүздеген жалған сертификаты анықталды. Осылайша, магистратура, докторантура және резидентурада білім алып жүргендердің кейбірі сотқа дейінгі тергеуге шақырылды, деп мәлімдейді Хабар 24 телеарнасы. 

Оқу орнындағы олқылық студенттер арасында дүрбелең туғызды. Мұндағы білім алушылар алдымен ректоратқа, одан әрі Білім және ғылым министрлігіне шағымданып, кейбір қатарластарының IELTS сертификатына оңай жолмен қол жеткізгенін баяндады.

«Мәселенің мән-жайын зерттейтін комиссия құрдық. Бірақ бұл құжаттардың жалған екенін дәлелдеу үшін оны берген халықаралық ұйымға хабарласып, базасын жан-жақты тексеру қажет болды. Сөйтіп, Білім және ғылым министрлігі жүйеге кіру мүмкіндігін пайдаланып, оқуға түскен 110 студенттің бұл базада жоқ екенін анықтады», – дейді «Астана» медициналық университетінің ректоры қызметін уақытша атқарушы Франц Галицкий.

Халықаралық мәліметтер базасында жоқ болып шыққандар қазір мемлекеттік грант есебінен білім алып жүр. Ал ІELTS сертифаттары жасанды емес танылған студенттер ақылы негізде оқуға мәжбүр.

Медицина университеті ректорының міндетін атқарушы жоғары оқу орнынан кейін білім алушылар екі сынақ тапсыруға міндетті екенін айтады. Бірі ағылшын тілінен, енді бірі таңдаған мамандығы бойынша. Яғни IELTS сертификатын иелену туралы арнайы талап жоқ. Бірақ бұл құжат талапкерге біраз басымдық беретін болғандықтан, көбі оған қол жеткізуге ұмтылады. 

IELTS базасында есімі анықталмаған студенттер білімін жалғастырып жатыр. Дегенмен, қалалық ішкі істер департаменті жалған құжат мәселесіне қатысты тергеуді аяқтап, сот-техникалық сараптамаға жөнелтіп үлгірді.

 «Тізімде жоқ болып шыққан студенттер IELTS тапсырып, сертификатқа әділ жолмен қол жеткізгенін айтып отыр. Ішкі істер қызметкерлері осындай айла-амалдың рас екенін анықтаса, шара қолданатын боламыз»,  – дейді Галицкий.

 Істің ақ-қарасын анықтау қиынға соғып тұр. Жалған құжат иелері бұл бармақ басты, көз қысты әрекетке университет қызметкерлерінің де қатысы бар дегенді көлденең тартады. Ал сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро студенттер тарапынан деканат мамандарының IELTS сертификатын қолдан жасағаны жөнінде арыз түскенін хабарлады. Енді оқу орнындағы олқылықты құқық қорғау органдары анықтап, айыптыларды жауапқа тартуы тиіс. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары