$ 443.44  480.51  4.88

Талдықорғанда үздік үкіметтік емес ұйымдар марапатталды

Биыл елімізде үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына ерекше екпін беріліп отыр. Өйткені, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруда тек билік құрылымдарының емес, дәл осы үкіметтік емес ұйымдардың атқаратын жұмысы басым. Тек екі тарап ынтымақтаса жұмыс істесе болғаны, алынбайтын қамал жоқ.

Осыған орай үкімет осындай қоғамдық ұйымдардың жұмысын биыл ерекше бағалап, олардың арасындағы ең белсенділерін марапаттап жатыр. Мәселен, осы қараша айының басында Астанада ҮЕҰ-дардың республикалық бірінші мәжілісі өткен болатын. Онда аталған ұйымдардың жетекшілері мемлекеттен алған қаражаттарын қалай жұмсағанына есеп беріп, ҚР Дін істері және азаматтық қоғам министрінің қолынан түрлі марапаттар алды.

Артынша бұл үрдіс бүкіл республика аумағында көрініс тапты. Яғни, қазіргі таңда әр облыстың басшылары өз өңірлеріне қарасты үкіметтік емес ұйымдардың басшыларымен кездесіп, олардың еңбектерін бағалауда. Осындай басқосулардың бірі бүгін Талдықорғанда өтті.

Бұл жай ғана басқосу емес, үкіметтік емес ұйымдардың үлкен форумы. Басты мақсат – ҮЕҰ жұмыстарының қорытындысын шығару және олардың мемлекеттік органдармен ынтымақтастығын дамыту. «Бәсекеге қабілеттілік. Прагматизм. Сананың ашықтығы» атты облыстық форум Талдықорғандағы Көрме павильонында өтті.

Форум қатысушыларына облыстағы ҮЕҰ-ның үздік әлеуметтік жобаларының көрме-таныстырылымы ұсынылып, өңірдегі ұйымдар жұмысы туралы деректі фильм көрсетілді.

Мәселен, «Көрікті қала тазалықтан басталады» жобасына байланысты Қапшағай қаласындағы «Ақ орда» қоғамдық бірлестігі қаладан 4 тонна қоқыс шығарған. «Қандай ғажап бұл әлем!» атты жобада «Ескелді ауданының мүгедектер қоғамдық бірлестігі» ҚБ мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап үйірмелер ұйымдастыруда, бүгінгі күні осындай үйірмелермен 25 баланы қамтып отыр. «Денсаулық – басты байлық»  Райымбек ауданының мүгедектер қоғамдық бірлестігі «Біріксек біз күштіміз!» атты жоба бойынша Кеген ауылында 6 тұрғын жұмысқа орналастырылып, 30-дан астам қыз бала ұлттық нақыштағы бұйымдар жасау өнерін меңгеруде, бүгінге дейін олар 100-ден астам бұйым жасап үлгерген. Көрмеге қатысушылар әрбір әлеуметтік жобаның нәтижесі бар екеендігін, және бұл жұмысты одан әрі жалғастыратынын тілге тиек етті.  

Форумды ашқан облыс әкімі Амандық Баталов қатысушылардың жұмысына сәттілік тілей отырып, форумның ҮЕҰ қызметін жетілдіру, тәжірибе алмасудағы рөлін атап өтті.

Облыс басшысы өз сөзінде Алматы облысында 388 үкіметтік емес ұйым жұмыс істейтінін, олардың 60 % ауылдық елді мекендерде тіркелгенін айтты.

- Облыстағы ҮЕҰ, әсіресе, халықты әлеуметтік қорғау салаларында, білім беру мен спорт, жастар саясаты мен балалардың құқығын қорғау, қоршаған ортаны қорғау, саламатты өмір салтын насихаттау, азаматтардың құқығын қорғау салаларында белсенді жұмыс істеп келеді. Бүгінгі күні өңірде ҮЕҰ-ның 148 түрлі әлеуметтік жосбалары жүзеге асырылуда. Астанада 59 ҮЕҰ марапатталған басқосуда Алматы облысының 5 ұйымының да еңбегі аталып өтілді. Бұл өңірдегі ҮЕҰ жұмысының жемісі деп білемін, - деді А. Баталов.

Үкіметтік емес ұйымдар жұмысына табыс тілей отырып бұл форумның өзара тәжірибе алмасу, ынтымақтастықты дамыту, жаңа білім игерудегі маңызды шара болатынына сенім білдірді. 

Пленарлық жиында бірқатар спикерлер сөз алды. Олардың қатарында «Enactus Қазақстан» қорының президенті Альбина Ержанова, «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» АҚ басшысы Нұрлан Өтешев, Жұмыспен қамтуға жәрдемдесу қорының басшысы Светлана Садуақасова және басқалары бар. Сөйлеушілер биылғы жылда жасалған жұмыстардың қорытындысын және алдағы жоспарлар туралы әңгімеледі.

Жыл қорытындысы бойынша облыстағы ҮЕҰ-ның үздік әлеуметтік жобалары марапатталды. Мәселен, ардагерлермен, қариялармен жұмыс істеудегі белсенділігі үшін облыстық ардагерлер кеңесі үздік деп танылса, гендерлік саясатты жүзеге асыруда «Жамбыл ауданының әйелдерге көмек көрсету орталығы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы ерекше аталды. Жастар саясатында – Сарқан ауданының «Парыз» жастар қоғамдық бірлестігі, азаматтық қоғамды дамытуда – «Еңбекшіқазақ ауданының жергілікті қауымдастығы» қоғамдық қоры, мүмкіндігі шектеулі азаматтармен жұмыста Кербұлақ ауданының «Қамқор» қоғамдық бірлестігі үздік шықты. Жеңімпаздардың әрқайсысына  100 мың теңгенің ақшалай сертификаты берілді.

Форум соңында облыс әкімдігі, Алматы облысының Азаматтық Альянсы және «Азаматтық бастамаларды қолдау қоры» ҮЕАҚ, «Еуразия Орталық Азия» қоры, «Enactus Қазақстан» қоры арасында ынтымақтастықты дамыту туралы меморандум жасалып, Алматы облысының Азаматтық Альянсының жетісулықтарға рухани жаңғыру туралы үндеуі қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары