$ 439.43  473.31  4.82

Алматыда «Нұр Отанның» мультимедиялық музейі ашылды

Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті күніне орай еліміздің түкпір-түкпірінде жаңа нысандар ашылып, халықтың игілігі үшін пайдалануға беріліп жатыр. Сондай нысандардың бірінің лентасы бүгін Алматыда қиылды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзі төрағалық ететін «Нұр Отан» партиясы «оңтүстік астананың» төрінен мультимедиялық музейін ашып, өзінің алғашқы келушілерін қабылдады.

Сондай-ақ, бұл күні партия қатарына қосылған жаңа мүшелерге куәлік тапсырылды. Білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет пен бизнес салаларында аянбай еңбек етіп жүрген жас мамандар енді «Нұр Отанның» толыққанды мүшесі деген мәртебеге ие болып отыр.

Музейден «Нұр Отан» партиясының құрылуы мен қалыптасу тарихын, партияның маңызды құжаттарын, сонымен қатар, партия Төрағасына тиесілі профессор мантиясын, кітаптарды, партия билеттерін және басқа да заттарды көруге болады.

Мұнда келушілер жобадағы партия тарихының, заманауи дизайн мен жаңа технологиялардың өзара үйлесім тапқан ерекше концепциясын бағалай алады. Интерактивті панелдер (multi-touch-screen) дәстүрлі мұражай сөрелерін алмастырған. LED-экраннан 10 гигабайтты ақпаратты цифрлы экспозиция түрінде көруге болады.

Мұражайды ашудағы басты мақсат-тарихи әрі мәдени, қоғамдық-саяси ақпаратты жинақталған тарихи құжаттар негізінде зерттеу және насихаттау.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен біз Тәуелсіздікті, еліміздің әлеуметтік-экономикалық даму жетістіктерін, Қазақстанның халыаралық аренадағы беделін байланыстырамыз. Біз дамыған мемлекеттер қатарына енуге ұмтылудамыз, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жаңару мен реформалар бәсекеге қабілетті елдер қатарына енудің басты шарты. Біз партия көшбасшысы Н. Назарбаевқа тірек болуға және Қазақстанның игілі жолында бірге жұмыс істеуге тиіспіз!», - деп үн тастады жаңа партия мүшелеріне Алматы әкімі Бауыржан Байбек.

Ол сонымен қатар Алматы қаласының тәуелсіздік жылдары қолжеткен жетістіктерінің бәрі Мемлекет басшысының есімімен тікелей байланысты екенін қадап тұрып айтты.

Салтанатты шара барысында партия билеттерін «Тамаша» театрының көркемдік жетекшісі Асылбек Боранбай, радиожүргізуші Диана Снегина, №140 мектеп–гимназияның педагогы, жыл мұғалімі Гүлбану Әбжанова, репродуктивті медицина Институты бас дәрігерінің орынбасары Лазат Айтқожина, «ABM GROUP» ЖШС басқармасының төрағасы Азамат Молдақасымов, GoSport негізін қалаушы, «Khan Consulting» ЖШС-тің бас директоры Әнуар Манабаев және «Традиции народа Семиречья» қоғамдық бірлестігінің президенті Семен Шихотов алды.

Бүгінгі күні жалпы республика бойынша 1 миллиондай партия мүшелері бар. Тек Алматы қалалық филиалының өзінде ғана 90 мың адамды біріктіріп отырған 750 бастауыш партия ұйымдары ойдағыдай жұмыс істеуде. Партияның қалалық филиалы заңдылықты жетілдіру туралы 30 ұсыныс енгізген болатын, оның жартысынан астамы Парламен Мәжілісінде мақұлданды. Партия филиалында күн сайын он мыңдай өтінімдер қаралып, жүйелі шешімдер қабылдануда. 10 ай ішінде мемлекеттік органдарға 100-ден астам ұсыныс жіберілген, олардың 80%-ы қабылданды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары