$ 447.4  477.55  4.76

Алматыда жасотандықтар латын әліпбиіне көшу жайын талқылады

Алматыда «Жас Отан» жастар қанатының өңілдері бас қосып, қазақ тілінің латын әліпбиіне көшу мәселесін талқылады. Жастардың айтуынша, латын әліпбиімен жазылған жазбаларды оқу олар үшін ешқашан қиындық тудырмайтын көрінеді.

Алматыда жетекші жоғары оқу орындарының: Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Алматы технологиялық университеті, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің студенттері бас қосып, қазіргі таңдағы өзекті мәселелерді, оның ішінде қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру мәселелерін талқылау үшін партиялық алаңда жиналды.

Студенттердің пікірінше, бұл жастардың әлемдік ғылым мен білімнің заманауи жетістіктеріне тез енуіне және оның ашылуына мүмкіндік беретін маңызды және уақытылы қадам.

Жастар алдында сөз сөйлеген «Жас Отан» жастар қанаты Алматы филиалының төрағасы Мәди Ахметов қазақ жазуының тарихы туралы әңгімелеп және қоғамдық сана-сезімді жаңғыртудың негізін атап өтті.

- Латын әліпбиін қолданатын әр ел өз нұсқасына келді, біртіндеп біз де  жаңа графиканың ең қолайлы түріне жетеміз. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерде азаматтар жаңа латын графикасы негізінде өз атын жазып жүр және оны оқу үшін қиындықтар байқалмайды. Біз белгілі сарапшылардың, жұртшылықтың барлық оң пікірлері мен ұсыныстарын ескере отырып, латын әліпбиіне көшуді қолдаймыз, - деді Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «философия және саясаттану» факультетінің студенті Әсем Таймұратова.

Жасотандықтар жалпы жаңа алфавитке өту жастар үшін қиын болмайтынын атап өтті.

–Жастардың көпшілігі ағылшын тілінде сөйлейді және латын жазуымен таныс. Осы уақытта кейбір БАҚ-ның атауы латын тілінде жазылған және олар әдеттегідей оқылады. Техникалық тұрғыдан алғанда, компьютерлерде және біздің ұялы телефондарымызда ештеңені өзгерту қажет емес, барлық қажетті белгілері бар, сондықтан ешқандай қиындықтар туындамайды, - дейді жасотандықтар.

Алматы қаласының 10 мыңнан астам жасын біріктіретін «Жас Отан» филиалы қазақ тілін латын графикасына көшіруді қолдау үшін түрлі флеш-мобтар, кездесулер өткізуде.

Еске салайық, биыл сәуір айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" атты бағдарламалық мақаласын жариялаған болатын. Онда Елбасы Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін жасалуы тиіс шараларды тапсырма ретінде тізбектеп шыққан. Ең басты мақсат - қоғамдық сананы жаңғырту, сол арқылы өркениетті елдердің қатарына қосылу. Осы мақсатқа жету үшін Президент 6 басым бағытты көрсеткен. Сонымен қатар, Елбасы қазақ тілі латын әліпбиіне кешіктірмей көшіруді де осы мақаласында үкіметке тапсырды.

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары