$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда «Ұлы дала елі» этно-фестивалі өтті

М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен «Ұлы Дала Елі» халықаралық жыршылар фестивалі өтті. Алматы қаласында 4-ші рет «Бағаналы ордам – басты ордам» тақырыбымен өткен дәстүрлі шара Елор­амыз Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған.

- Өнер мерекесінің мақсаты – түркі халықтарында ежелден келе жатқан  жауһар туындылардың басын қосып, жыршылық дәстүрді дәріптеу, сондай-ақ өлең сөз бен әсерлі әуенге құрылған ғажайып жырлар арқылы жастардың қаймағы бұзылмаған ұлттық өнерге деген қызығушылығын ояту болды. Сонымен қатар, басты мақсаты – киелі жеріміздің тарихы мен тағдырын кестелі тілмен жырлап, кейінгі ұрпаққа насихаттау, - дейді ұйымдастырушылар.

Салтанатты жиын Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбектің кіріспе сөзімен ашылды. Өз сөзінде қала басшысы тағылымға толы жыр кешінің рухани маңыз­дылығы мен мақсатын атап өтті.

– Біз үшін «Ұлы Дала Елі» фестивалінің мәнмағынасы  ерекше. Бүгінгі таңда болашаққа жан-жақты жаңғыру саясаты аясында қадам басқан еліміз әлем жұртшылығына өз өнерімен құнды, өз үнімен, төл мәдениетімен сыйлы екенін толық білді, осы ұстанымды ту етті. Бұл шараның басты мақсаты – дәл сол ұлттық мәдениетіміздің жауһары, өзге ешкім қайталай алмайтын халқымыздың жыр өнерін  дәріптеу. Халқымызда «Өмір – қымбат, аздырма, Өнер – қымбат, тоздырма» дейтін қанатты сөз бар. Осы жасалып жатқан шаралардың барлығы да ата-бабалардан мұраға қалған, уақыт сынына төтеп беріп, бүгінге жеткен қасиетті өнерді сақтаудың қамы, – деді Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек.

Жыр думанында көрермен қауым тек қазақстандық өнерпаздардың ғана емес, алыс-жақын түркі халықтары жыршыларының да өнерін тамашалады.  Сахна төрінде Сыр, Орал, Маңғыстау өңірінің жыраулық өнерінің хас шеберлері, бүгінгі қазақ жыршыларының ақсақалдары Хатимолла  Бердіғалиев, Бидас Рүстембеков, Өсербай Сәрсенбаев бастаған жыршы-термешілерімізбен қатар, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркімен, Қарақалпақ елдерінен келген жыршылар да өз өнерімен тыңдармандарды тамсандырды.

Жауһар жырға толы кеште Франция Республикасының Қазақстандағы  елшісі Филипп Мартинэ құттықтау сөз сөйлеп, белгілі жыршы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ұлжан Байбосынованы Франция Республикасы Мәдениет министрінің «Өнер және Әдебиет кавалері»  орденімен марапаттады.

Жыр додасында. Мұрат Мөңкенің «Үш қиян» дастаны, Сүгірдің «Қоштасу» термесі, Нартайдың «Бастау» термесі, Майлықожаның «Жақсы бір адам қартайса» термесі көрерменнің көңілін тебірентті.

Өзбекстаннан келген Шодмон Хужамбердиевтің орындауындағы  «Көрұғлы» жырынан үзінді, қарақалпақстандық Бақберген Сырымбетовтің орындауындағы «Қарақалпақ» халық термесі, Қырғызстан жыршысы Доолотбек Сыздықов шырқаған «Манас» жырынан үзінді тарихтың рухын сезіндірді.

Өнер кешінде Уатхан Шаттық, Жұлдыз Ысқақова, Рауан Әбілбаев тәрізді  жыршылар тыңдарманға ұлт мұрасының тұнығынан нәр татырды.  

Ақбота Мұсабекқызы

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары