Алматы әкімі Бауыржан Байбек жұмыс сапары барысында «Алматы жылукоммунэнерго» ЖШС-нің жергілікті бюджет есебінен қайта жаңарған аудандық Оңтүстік-Шығыс қазандығын қарап шықтымдеп хабарлайды қала әкімдігінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, қайта жөндеу жұмыстарынан кейін қазандықтың жылу қуаты 25%-ға артты, қала тұрғындарының пәтерлеріне жылу тұрақты беріліп, жаңа абоненттердің қосылуы қамтамасыз етілді.
Алматыда биылғы жаз маусымында инженерлік желілерді қайта жасау мен салу барысында ауқымды жұмыстар жүргізілді, нәтижесінде жалпы ұзындығы 761,3 км инженерлік жүйе жаңарды, оның ішінде 313 км. су, 266 км. кәріз құбырлары мен 150 км. электр және 32,3 км. жылу желілері қайта жасалды.
Сумен қамтамасыз ету және судан бөлу желілерін модернизациялау барысында құбырлардың тозуы 3%-ға, апат 4%-ға, шығын 5,2%-ға азайды.Қаланың 11 мыңнан астам тұрғыны сумен қамтудың орталықтандырылған жүйесіне қосылды.
Қаланың Оңтүстік-Шығыс қазандығын күрделі жөндеуден өткізу гидравликалық шығынды азайтты, кәсіпорын қуатын 168 ден 208 Гкал/сағатқа арттырды, тұтынушыға жылу беру сапасы артты, соның акрқасында 40 көппәтерлі тұрғын үйлер жылу желісіне қосылды.
«1979 іске қосылған қазандыққа алғаш рет ауқымды реконструкция жасалды. Бір жыл бойына атқарылған жұмысқа 3 млрд. теңге бөлінді. Қазандықтың суытатын құбыры, бақылау- өлшеу қондырғылары, автоматика, суды химиялық тазалау жабдықтары түгел жаңарды. Жиілікті реттейтін энергосыйымды желі насостарын ауыстыру электр энергиясын үнемдеуге қол жеткізді», - деп баяндады қала әкіміне Энергетика басқармасының басшысы Ермек Үсенбаев.
Бүгінгі күні Оңтүстік-Шығыс қазандығы 70 мыңнан астам пәтерге, 700 заңды тұлғаға қызмет көрсетеді, қала жылуының 9%-ға жуығын береді. Қазандық газбен жұмыс істейді, ауаға тек қызған бу ғана шығарылады.
Айта кетейік, аталған жұмыстар мегаполисті дамытуға арналған «Алматы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Аталған бағдарламада қаланың инфрақұрылым желілерін жаңарту мәселесі қаралған.
Сондай-ақ, жуырда ғана экологтар Алматының жылу қазандықтарын көмірден көгілдір отынға көшіру мәселесін көтерген болатын. Мамандардың айтуынша, осылайша қаланы улы қалдықтардан бірнеше есеге дейін тазартуға болады екен. Алайда, бұл мәселе шаһардың даму жоспарында көрсетілмегендіктен ол кейінге қалдырылды.