Алматыда көлік реформасы және қоғамдық көлік жүйесін тұрақтандыру аясында жылжымалы составты жаңалау жұмыстары жүруде. Жұмыс сапары барысында Алматы әкімі Бауыржан Байбек №70 бағыты бойынша қызмет көрсетуді бастаған жаңа автобустарды қарап шықты.
Қаланың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт Исахов жеке тасымалдаушының №70 бағыты бойынша жеткілікті қозғалмалы составы болмауы салдарынан жолаушылар тарапынан көп шағымдар түскенін айтты.
«Бағыт өте қажет, өйткені «Көкжиек» ықшам ауданынан басталып, қаланың орталығын басып өтіп, «Таулы қырат» елді мекенінде соңғы аялдамасын жасайды. Қажетті автобустар бөлу арқылы бұл бағытқа «Алматыэлектротранс» ЖШС қызмет көрсетуі тиіс деген шешім қабылданды. Бұлар- кондиционерлермен, пандустармен, видеобақылаумен жабдықталған әрі эклогиялық Евро-5 сыныбындағы 12 метрлі төмен еденді автобустар. Енді жолаушылар легі артады деген сенімдеміз, - деді М.Исахов.
Естеріңізге салсақ, бұрын №86, 65, 103, 50, 126, 112 бағыттары бойынша жаңа автобустар жолға шыққан болатын, №77 бағыты қайта ашылды.
Жалпы, биылғы жылы Алматыда 388 автобус алуға қаржы бөлінген еді, олардың 165-і түрлі бағыттар бойынша қызмет көрсетуде, қалған 223-і жыл аяғына дейін іске қосылады.
Көлік реформасы аясында жеке тасымалдаушылар да 254 жаңа автобус сатып алды, олардың 79-ы бағыттар бойынша жүруде. Жыл аяғына дейін тағы 32 автобус жолға шығады, қалған жаңа 163 автобус 2018 жылдың бірінші тоқсанында келеді.
Бұған дейін басқарма басшысы Мақсұт Исахов жолаушылар тасымалымен айналысатын компанияларға алғаш рет субсидия беріп жатқанын мәлімдеген болатын.
«Әлем елдерінің көбінде жолаушылар тасымалы мемлекет тарапынан субсидияланады. Біз бұл процесті енді бастадық. Қазір 12 бағыт бойынша жүретін автобустарды субсидиялап жатырмыз. Мәслихаттың келесі сессиясында тағы 32 бағыт бойынша жүретін автобустарға субсидия бөлуді сұраймыз. Сөйтіп, жыл соңына дейін 44 бағытты субсидиялаймыз. Бұл бағыттарды тек жаңа автобусы бар компанияларға ғана береміз», - деді ол жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.
Айта кетейік, «оңтүстік астананы» жаңа автобустармен қамтамасыз ету жұмыстары «Алматы-2020» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Аталған бағдарламада шаһардың көлік инфрақұрылымын, яғни автопарктерді жаңарту мәселесі қаралған.