Мемлекет басшысының биыл сәуір айында жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы қоғамда жан-жақты талқыланып жатыр. Елбасының бұған дейінгі жолдаулары, бағдарламалары түгел ел экономикасын тіктеуге бағытталған болса, бұл жолғы еңбегі қоғамдық сананы жаңғыртуға, идеологияны реттеуге бағытталып отыр.
«Рухани жаңғыру» идеясының тағы бір ерекшелігі, бұған дейінгі бағдарламаларды Президент үкіметтің мойнына артып келген болса, бұл жолғысын бүкіл қоғам болып жұмыла атқаруымыз керек. Өйткені, сананы жаңғыртуды әрбір қазақстандық өзінен бастайды. Ал, үкімет тарапынан ұйымдастырылатын шаралар тек осынау процесті жылдамдатпақ.
Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында еліміздің түкпір-түкпірінде түрлі шаралар өтіп жатыр. Олардың қатарында қарапайым концерттерден бастап, дәстүрімізді бен тарихымызды жаңғыртуға бағытталған рухани кештер, көрмелер мен түрлі байқаулар, қайырымдылық шаралары өтуде. Солардың бірі бүгін Алматыда ұйымдастырылды. Бұл жолы дөңгелек үстел басына сот төрешілері қауымы бас қосып отыр. Сот жүйесінің дамуына, оны жетілдіруге атсалысу - біздің парыз деген ұранды ұстанған қазылар Алматы қалалық сотында алқалы жиын өткізді. «Ұлттық сананы рухани жаңғырту» тақырыбы қозғалған отырыста әрбір сот процесінің өзіндік тәрбиелік мәні, азаматтардың құқықтық мәдениеті сөз болды. Конференцияда баяндамалар жасалып, ой-пікірлер ортаға салынды, сондай-ақ кітап көрмесі ұйымдастырылды.
«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» мақаласын оқысақ, оның әрбір сөзінде, сөйлемінде үлкен мағына бар. Ол тек судьялар қауымдастығы емес, барлық қазақстандақтарға, болашағымызға керек нәрсе деп ойлаймын. Бұл мақала халқымызға дер кезінде жолданған», - деді Алматы қаласы Наурызбай аудандық сотының төрағасы Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ.
Айта кетейік, алматылық қазылар жалпы дөңгелек үстел басына жиі жиналып, мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асу барысын өзара талқылайды. Әсіресе, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы сот төрелігіне қатысты қадамдар жиі талқылануда.