$ 498.34  519.72  4.85

Алматының Алмалы ауданында алдағы жылы 135 ескі үй сүріледі

Алматыны дамыту үшін және «ақылды» қалаға айналдыру мақсатында іске қосылған «Алматы-2020» бағдарламасы аясында «оңтүстік астананың» сыйқын бұзған ескі үйлердің сүрілетіні белгілі. Бұл оның үстіне тұрғындардың қауіпсіздігі мен қолайлы өмір сүруі үшін де қолға алынған шара. Яғни, әбден тозығы жеткен үйлерде тұратын тұрғындарға жергілікті бюджет есебінен жаңа баспана беріледі.

Бір ғана Алмалы ауданында сүрілуге жататын 135 ескі үй бар екен. Олардың барлығы алдағы жылдары кезең-кезеңмен түгелдей бұзылып, орындарына көпқабатты жаңа ғимараттар салынатын болады. Бұл туралы бүгін аудан әкімі Жасұлан Естенов журналитермен болған кездесу кезінде айтып берді.

Бүгін Алмалы ауданының әлеуметтік экономикалық даму нәтижелері туралы есеп берген Жасұлан Естенов 1930 жылдары салынған ескі үйлердің орнын жаңа зәулім тұрғын үй кешендері салынатынын айтты.

«Алмалы ауданында сүрілуге кетеді деп жоспарланған 135 ескі үй бар. Оның барлығын ешкім бір күнде сүріп тастамайды. Біз ескі үйлерді сатып алатын инвесторлар іздеп жатырмыз. Төле би мен Әуезов көшесінде инвестормен жұмыс басталды. Ондағы 4 ескі үйді инвестор сатып алып жатыр. Қазіргі уақытта сатып алу жұмыстарының 99 пайызы бітіп тұр. Бүгінгі таңда инвестор барлық қажетті құжаттарды алды. Ондағы 1 пәтер иесімен ғана келіссөз жүріп жатыр. Ол жерге жаңа тұрғын үй кешендері салынады. Инвесторлар ондағы пәтер иелерімен әртүрлі формада келіссөздер жүргізді. Біреулерінен пәтерді ақшаға сатып алса, енді біреулерімен жаңа үй салынғанда пәтер беруге келісіп, үй жалдап беріп отыр. Дәл осындай екі ескі үй Гоголь мен Наурызбай көшелерінің қиылысында бар. Сондай-ақ, Жамбыл мен Байзақов көшелерінің қиылысында екі үйді инвесторлар сатып алмақ. Ол үйлер 1930 жылдары салынған», - деді аудан әкімі.

Сонымен қатар, аудан әкімі тұрғындардың орташа айлық жалақысы 184 316 теңгеге жеткенін айтты.

«Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8% жоғары. Одан бөлек, 4148 жұмыс орны құрылды. Ауданда кәсіпорындар қарқынды дамуда. Өнеркәсіптің ең ескі және бірегей кәсіпорындары: ашытқы зауыты АЗТМ, «Бахус» АҚ, «EurasianFoodCorporation» және т.б. өздерінің инвестициялық жобаларын жүзеге асырып, өндірісті жаңғыртуда», - деді аудан әкімі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары