2025 жылға дейін қазақ тілі кезең-кезеңмен латын әліпбиіне көшетіні белгілі. Кешегі қазан айында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осындай Жарлыққа қол қойған болатын. Енді жаңа әліпбиге халықты үйрету үшін Алматыда арнайы оқыту орталығы ашылмақ.
Аталған орталық Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің жанынан ашылатын болады. Бұл туралы осы оқу орнының баспасөз қызметі хабарлады.
Білім беру мекемесінде оқу орнының профессор-оқытушылары мен студенттері латын графикасы негізіндегі жаңа қазақ әліпбиі бойынша оқып, жазуды меңгереді. Сонымен қатар, мұғалімдердің біліктілігін тереңдетуге және жетілдіруге бағытталған қосымша кәсіби білім беру бағдарламалары жүргізілмек. Бірнеше бағыт бойынша жұмыс істейтін орталыққа білікті тіл мамандары жұмылдырылады.
Орталықта оқу ордасының ғалымдары жаңа әліпбидің орфографиясы мен орфоэпиясын қалыптастыру бағытында арнайы сабақтар мен курстар өткізеді. Сондай-ақ, оқу-әдістемелік кешен жасалып, арнайы оқу құралдары да жарық көрмек. Қазіргі күнде арнайы тұжырымдама жасалып, негізгі басым бағыттары түзілді.
«Үшінші мыңжылдықта қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының ең басты алғышарты сапалы берілген білім екендігі дәлелденді. Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігіне негізделген постиндустриялық әлемге қарай қадам басып келеміз. Жаһандану жаңа талаптар мен тың бастамаларды талап етеді. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын әліпбиіне көшу мәселесі қажеттілік ғана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып табылады», - делінген оқу орнының баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Айта кетейік, қазақ тілін латын графикасына көшіруді Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасындағы басым бағыттардың бірі етіп бекіткен. Сәуір айында жарияланған осынау бағдарламалық мақаланы жүзеге асыру үшін қазіргі таңда бірқатар іс-шаралар атқарылуда. Олардың қатарында латын әліпбиіне көшуге арналған ғылыми конференциялар мен пікірсайыстар да бар.