$ 498.34  519.72  4.85

Алматыда Елбасының «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы жарық көрді

Бүгін Астанада Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік дәуірі» атты кітабы таныстырылды. Ұлық мереке қарсаңында жарыққа шыққан жаңа туындының тұсаукесер рәсіміне еліміздің зиялы қауым өкілдері қатысты. Кітапта мемлекетіміздің негізі қаланған күннен бергі атаулы оқиғалар топтастырылған.

Осыдан 26 жыл бұрын халқымыздың жаңа дәуірі бастау алды. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен тәуелсіз мемлекетіміздің қол жеткізген жетістіктері Елбасының жаңа кітабында сараланған. Бірегей  басылымның таныстыру рәсіміне қатысқандар жинақтың мазмұнына жоғары баға беріп,  бірауыздан кітапты «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деп таныды. 

Мұхтар Құл-Мұхаммед, «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары:

– Елбасымыздың жүрек төріндегі толғаныстарын шыққан бұл кітапты бәріміздің қасиетті Отанымыз Қазақстан Республикасының негізін қалаған Тұңғыш Президентіміздің өз қолымен жазылған «Тәуелсіздік энциклопедиясы» деп атауға толық негіз бар.

Елбасының бұл еңбегі тарихи публицистика жанрында жазылған. Ол төрт тараудан тұрады: Мемлекетіміздің дүниеге келуі,  Ұлы бетбұрыс, Қияға құлаш сермеу және Қалыптасқан мемлекет. Алғы сөзінде Президент «Бұл кітап – менің ұлы қолдаушым, кемел келешегіне өзінің қазақстандық жолымен қарыштаған жасампаз халқыма арналады», – деп, туындының мән-мазмұнын айшықтап берген. Яғни «Тәуелсіздік дәуірі» еліміздің өткені мен бүгінін байланыстыратын, тарихқа терең толғаныс жасайтын бірегей еңбекке айналары анық. 

Ержан Бабақұмаров, ҚР Премьер-министрі канцеляриясы басшысының орынбасары:

– Елбасының кітабы тек өткенге шолу ғана емес. Сонымен қатар болашаққа бағдар дер едім. Өйткені Қазақстанның тәуелсіз, дербес, егемен ел ретінде бастан кешкендері кітапта жан-жақты жазылған. Өскелең ұрпақ сол терең тәжірибені негізге ала отырып, болашаққа оптимизммен қарауы керек.

Туындының бірінші бөлімі еліміздің  тәуелсіздік алып, Қазақстанның алғашқы саяси қадамдары жайында баяндайды. Бұл беттерде Президенттік институттың нығаюы мен алғашқы Парламенттік сайлаудың өткені жайында жазылған. Сот билігінің қалай қалыптасып, құқықтық реформалардың жүзеге асуы да осы жинақта көрінісін тапты. 

Бақытжан Жұмағұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

– Елбасының кітабын оқығаннан кейін менің есіме 2005-2008 жылдарда «Нұр Отан» партиясында болған күрделі кезеңдер келді. Өйткені 2005 жылғы Президенттік сайлау бүкіл партия үшін саяси кемелденудің нағыз сынағы болды. Елбасы кітапта атап өткендей, ол сайлау 21 ғасыр басындағы Қазақстан ішкі саяси өміріндегі ең маңызды оқиғаға айналды.

Бұл кітапта еліміздің Тәуелсіздік жылдарында қол жеткізген басты 33 жетістігі мен оған жету жолдары жан-жақты жазылған. Әсіресе Қазақстанның дипломатиялық бағытындағы қадамдары мен халықаралық ұйымдардағы мүшелігіне аса  назар аударылған. Мұнда мемлекеттің көп векторлы саясаты және «ЭКСПО-2017» көрмесінің өткізілуі туралы да ақпар бар. 

Мемлекет басшысы бұл еңбегінде тәуелсіздік жылдарындағы ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық-мәдени құндылықтарымыз жайлы да терең сөз қозғайды. Әсіресе тіл, дін, әдет-ғұрыпқа байланысты құнды мәліметтерді саралап, тарихи маңызды шешімдердің мазмұнын айшықтайды. Бұл автордың өз замандастары мен келешек ұрпаққа деген ерекше құрметін айғақтайды.

Дархан Қыдырәлі, Халықаралық түркі академиясының президенті:

– Қазақстанның құрылуы мен қалыптасуы хронолгиялық әрі жүйелі еңбекте тәуелсіздік жылдары жаңғыруы үшін толқынына балаған Нұрсұлтан Назарбаев ел тарихын кезең-кезеңге бөліп, әрбір саланың жеке дара қарастырады. Біз кітапта оқиғаның қалай өрілгенін, қалай шешілгенін қана емес, олардың түпкі себебі мен қисынын табамыз. 

Бейбітшілік пен келісім. Бұл – тұрақты мемлекет құрудың негізі. Елбасы «Тәуелсіздік дәуірі» кітабында осы бағыттағы жұмыстың қалай  жүргізілгені жайында сыр шертеді. Жинақ беттерінде Қазақстан халқы Ассамблеясының конституциялық орган мәртебесіне қол жеткізуі мен жаңа қазақстандық патриотизм негіздері айқындалады.

«Тәуелсіздік дәуірі» деп айдар таққан туындының 500 данасы жарық көрді. Алдағы уақытта еліміздің барша азаматтары бұл жинақпен  етене танысуға мүмкіндік алады. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары