Алматы облысының әкімі Амандық Баталов «ҚР Тұңғыш Президент күні қарсаңында өңірдің ең белсенді және облыстың дамуына атсалысқан жас азаматтарға «Көшбасшы – 2017» сыйлығын табыстады. Облыс әкімінің атындағы осынау сыйлық биыл 17 номинация бойынша бекітіліп отыр.
Облыс әкімі Амандық Баталов барша жеңімпаздарды құттықтап, оларға болашақта толағай табыстарға жетуді тіледі.
- Елімізде жастар саясатына маңызды бағыт ретінде ерекше көңіл бөлінген. «Жеткіншек буынның Тәуелсіздік идеалдарына адал болатынына, Отанымыздың табыстарының эстафетасын жалғастыратынына сенімім мол», - деп, Елбасы жастарға үлкен сенім артты. Бүгінде елімізде жастардың тегін білім алып, жан-жақты дамуына, шығармашылықпен, спортпен, кәсіпкерлікпен айналысып, халықтың игілігіне еңбек етуіне барлық жағдайлар жасалған. Өз кезегінде Жетісу жастары жұдырықтай жұмылып, Елбасының сарабдал саясатын тиянақты жүзеге асыруға атсалысуы керек. Әсіресе, Мемлекет басшысы жариялаған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының орындалуында жас буынның белсенділігі аса қажет. Өйткені бұл тарихи құжат өскелең ұрпақ үшін қабылданып отыр. Жастардың алдында алар асу, шығар шың, жетер жеңістер өте көп. Оған тек талап пен жігер, білім мен ақыл алып барады. Біз бүгін сол талпыныс жолында жемісті еңбек етіп жүрген бірқатар жасты «Көшбасшы» сыйлығымен марапаттағалы отырмыз. Бұл азаматтардың еңбек жолы, жетістіктер тарихы өзге қатарластарына үлгі болары анық. Барлығыңның да туған еліміздің игілігі үшін аянбай еңбек етіп, Қазақстанның мақтанышы болуларыңа тілектеспін! – дей келе, жеңімпаздарды арнайы дипломдармен және ақшалай сыйлық сертификаттарымен марапаттады.
Атап айтқанда, Еңбекшіқазақ ауданы Д.Қонаев атындағы орта мектеп түлегі Темурбек Жамоладдинов «Жас батыр» атанса, «Үздік жас спортшы» аталымында грек-рим күресінен Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген спорт шебері Демеу Жадыраев жеңімпаз деп танылды. талдықорғандық Мансур Құрманғалиев - «Үздік жас кәсіпкер», Талғар ауданы Қайнар ауылындағы «Мадияр» шаруа қожалығының жетекшісі Мадияр Ауелбаев - «Ауыл шаруашылығының үздік жас маманы», С.Демирель атындағы университеттің аға оқытушысы Ермек Тоқтаров - «Үздік жас ғалым», Алакөл ауданы Үшарал қазақ мектеп гимназиясы директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ержан Омарханов - «Үздік жас ұстаз», Алакөл ауданы Еңбекші дәрігерлік амбулаториясының меңгерушісі Айгүл Тұрсағатова «Үздік жас дәрігер» атанды.
2017 жылдың жаңа көшбасшылары, яғни әр салада еңбек етіп жүрген 17 жас маман алдағы уақытта да білімі мен білігін жетілдіріп, Елбасының сенімін ақтап, халыққа адал қызмет ететіндіктеріне сендірді. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.
Еске салсақ, «Көшбасшы» жастар сыйлығы жыл сайын 17 номинация бойынша дәстүрлі түрде беріліп келеді. Соның ішінде жоғарыда айтылғандармен қатар «Үздік жас мемлекеттік қызметші», «Үздік жас саясаткер», «Үздік студент», «Үздік жас өнерпаз», «Үздік жас әскери қызметші», «Үздік жас отбасы», «Үздік ерікті», «Үздік жас журналист», «Үздік «Жасыл ел» сарбазы», «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымының үздік көшбасшысы» аталымдары да бар.