$ 498.34  519.72  4.85

Астанадағы көк түтінге монғол антициклоны себеп – метеорологтар

Метеорологтардың сөзіне сүйенсек, Астанадағы көк түтінге монғол антициклоны себеп болыпты. Ауаның ластану көрсеткіші шектен шыққан жоқ, төмен деңгейде деді Астана қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Мұса Танабаев.

"Өңірдің экологиялық ахуалының интегралды көрсеткіші, яғни атмосфераның ластану индексі Астанада 2017 жылғы тоғыз ай ішінде 4,91 бірлікті құрады, 2016 жылғы сол уақыт аралығында 4,84 болған еді. Демек 5 бірліктен кем болғандықтан, ластану деңгейі төмен деуге болады", — деді Танабаев әкімдіктегі баспасөз мәслихатында.

"Қазгидромет" директоры Марина Шмидт өз кезегінде түсіндіріп өткендей, желсіз ауа райы зиянды заттардың жинақталуына әкеп соғып, елорданы көк түтін басқан екен.

"13 желтоқсаннан бастап монғол антициклоны тұрақтады, Астана аумағының ауа райына ықпал етті. Антициклон кезінде ауа райы тынық, күн ашық болады, атмосферада ауа ағындары алмаспайды, соның салдарынан зиянды заттар жиналып, көк түтін түзілді", — деді Шмидт.

Астана тұрғындары көк түтін басып кеткеніне жиі шағымданып жатады. Экологтардың айтуынша, жеке секторда тұрғындар үйлерін көмірмен жылытатындықтан, Астана аумағының басым бөлігін түтін басып кетеді.

Дереккөз: Sputniknews.kz

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары