Елімізде жастар саясаты мәселесі тәуелсіздік алған уақыттан бері басты назарда. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің әр Жолдауында жастардың әлеуетін арттыру үшін Үкіметке тапсырма беріп, өскелең ұрпақтың сапалы білім алуы үшін жағдай жасау керектігін айтып келеді.
Жалпы, елімізде қазір жастардың білім алуына, кәсіппен айналысуына барлық жағдай бар. Тек сол жастарымыз жалқаулықты жеңіп, ізденіске көшсе, ерінбек еңбек етсе болғаны. Тіпті, шетел асып білім алуға да болады, барлығы мемлекет есебінен.
Жастардың проблемасын шешіп, олардың әлеуетін арттыру үшін қазір барлық облыста жастар саясатымен айналысатын басқармалар құрылған. Олар негізінен жастар арасындағы жұмыссыздықтың, қылмыс жасаудың, теріс діни ағымдарға кірудің және өзге де келеңсіздіктердің себеп-салдарын анықтап, онымен күрес жұмыстарын жүргізумен айналысады. Мәселен, бізге сұхбат берген Жамбыл облыстық Жастар мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Мәтеннің айтуынша, жастардың қоғам жұмыстарына, билікке, азаматтық жұмыстарға белсене араласуы үшін басқарма мамандары тарапынан түрлі іс-шаралар жүргізіледі екен.
- Мәди Мейірбекұлы, Жамбыл облысы соңғы жылдары жан-жақты дамып келе жатқан өңірлердің бірі. Мұнда өзге өңірлермен салыстырғанда халық саны да тұрақты түрде өсіп келеді. Тиісінше, жастар да көп деген сөз. Жастармен жүргізіліп жатқан жұмыстарды жалпылама айтып беріңізші...
- Иә, өңірде қазір жастар саны артып келеді. Жамбыл облысында жастар саясаты «Қазақстан-2020: болашаққа жол» мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы аясында іске асырылуда. Бүгінде облыста 265 мыңға жуық жас тұрғын бар. Жастар жалпы облыс халқының 23,6 пайызын құрайды. Өңірде мемлекеттік жастар саясатын қаржыландыру көлемі жыл санап артып келеді. Ағымдағы жылы бұл мақсатқа жалпы 571,5 млн. теңге қаржы қарастырылған болатын. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 34,6 пайызға артық. Ағымдағы жылы жастар саясаты мәселелері басқармасының мемлекеттік әлеуметтік тапсырысы шеңберінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыруға 21,1 млн. теңгеге 17 бағытта әлеуметтік маңызы бар жобалар қаржыландырылды. Сол секілді Тараз қаласы мен аудандарда бұл мақсатта 13,4 млн. теңгеге 25 бағытта жұмыстар жүргізілуде.
- Енді нақтылай түссеңіз, бұл қаражатты қалай игеріп жатсыздар? Қандай шаралар жасалды?
- Жыл басынан бері басқарма тарапынан жастардың әлеуметтік мәселелеріне байланысты және қоғамдағы түрлі салаларды қамтыған 100-ден астам шара өткізілді. Атап айтқанда, «Айбын» әскери-спорттық ойындары, «Әскерге бару - азаматтық парызым» атты жастар акциясы, жастар сенбіліктері, құқық бұзушылық профилактикасына, нашақорлық пен суицидтің алдын алуға қатысты кездесулер мен семинарлар, «Наурыз-думан», «Тараз аруы-2017», ХІІІ облыстық жастар «Дельфийлік» ойындары, «Экспо-2017 – Ұлы дала елінің жетістігі» атты облыстық жастар форумы, «Отбасы – ұлт тірегі!», «Инабатты жас келін- 2017» байқаулары, V облыстық «Студенттік бал», «Болашақ энергиясы» тақырыбына жас ғалымдар байқауы, «Жас кәсіпкер-2017» облыстық бизнес жобалар байқауы, «Алтын сақа» облыстық турнирі, көше ойындарының облыстық чемпионаты, еңбек жастары мен жұмыссыз жастар арасында облыстық спартакиада, дін, экстремизм мен терроризмнің алдын алуға бағытталған «Жастар және дін» тақырыбына кездесулер, «дөңгелек үстел» отырыстары өткізілді. Сонымен қатар, жастардың тіл біліктілігін дамыту бойынша пікірсайыстар, «Сауатты жарнама», «Мемлекеттік тіл-қоғамдық көлікте» акциялары, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын насихаттау бағытында «Жастар ауылға!» атты облыстық жастар форумы, конфессияаралық келісімді нығайту аясында «Бірлігі бекем, тірлігі көркем – Мәңгілік ел Қазақстан!» облыстық фестивалі, «ЭКСПО-2017 – жастардың болашағы» атты облыс жастарының лагері өтті. Аталған шараларға облыс жастары кеңінен қамтылды. Қысқасы, жастардың бос жүріп қалуына мүмкіндік беріп жатқан жоқпыз.
Тараз қалалық және аудандық «Жастар ресурстық орталықтарының» ұйытқы болуымен осындай сипаттағы 3 мыңнан астам шара ұйымдастырылды. Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын іске асыру басқарманың назарында. Бүгінге күнге оның 13-і өтті. Одан бөлек, аталған мақала аясында 20-дан астам түрлі бағыттағы шаралар ұйымдастырылды.
Айталық, «Туған жер» бағдарламасы аясында «Тарихы терең Жамбылым» атты ЮНЕСКО-нің дүниежүзілік мұралар тізбесіне енген Құлан, Ақыртас, Тамды, Саудакент қалашықтарына және Айша бибі кесенесіне 250 жастың қатысуымен экскурсия ұйымдастырылып, тарихи-мәдени жәдігерлер таныстырылды. Сондай-ақ, жастардың зиялы қауым өкілдерімен кездесуі, тарихи орындарда жастар сенбіліктері сынды және т.с.с шаралар өткізілді. Бағдарлама аясында облыста 1 аптаға созылған «Білім», «Асар», «Тағзым», «Өнер» атты 4 бағытты қамтитын «Рухани жаңғыру» апталығы ұйымдастырылды.
Нәтижесінде облыстағы барлық өңірлерде 129 көпшілік шара өткізіліп, жалпы саны 15 мыңға жуық жас қамтылды.
Мақаланы іске асыру жөніндегі өңірлік Жобалық офистің тізіліміне келесі жылға «Атамекен» кіші бағдарламасы бойынша – 4 жоба, «Рухани қазына» кіші бағдарламасына – 10 жоба енгізілді. Оның ішінде бүгінгі күнге «Дүниежүзі қазақ жастарының I Форумы» жобасы мақұлданды. Бірегей жобалар санатына енген «Дүниежүзі қазақ жастарының І Форумы» жобасы – Республикадан тысқары жүрген қазақ жастарымен жан-жақты байланыс орнату, тыныс-тіршілігін зерделеу, олардың бойында патриоттық рухты қалыптастыру, еліміздің жетістіктерін шетелдегі қандастарымыз арқылы таныту, шежірелі тарихы бар көне Тараздың туристік тартымдылығын арттыру секілді мақсаттарды көздейді.
Биылғы жылы басқарма негізгі жұмысын Мемлекет басшысының Жолдауы мен «Рухани жаңғыру» мақаласын арқау ете отырып, облыс жастарын ақпараттандыруға бағыттады. «Елбасы Жолдауы – жаңғырудың жаңа кезеңі», «Рухани жаңғыру!», «Болашаққа бағдар» атты автокеруендері барлық аудан орталықтары мен елді-мекендерінде болып, «Кеңес беру алаңдарын» ұйымдастырды. Кеңес беру алаңдарында жалпы 15-тен астам саланың 30-дан астам өкілі тұрғындар мен барлық санаттағы жастарға кеңестер берді. Автокеруен аясында ақпараттық-әдістемелік материалдар үлестіріліп, мастер-класстар өткізілді, дін тақырыбында сауалнамалар алынып, «Адасқандар» және «Тағдыр тәлкегі» тақырыбына спектакльдер көрсетіліп, пробацияда жүрген аудан жастарымен кездесулер өткізілді.
Қысқасы, бөлініп жатқан қаражатты толықтай жастар игілігі үшін жұмсап жатырмыз деп сеніммен айта аламын.
- Қазір екінің бірі қазақ тілінің латын әліпбиіне көшуін талқылап жатыр. Бәрі өз ойларын ортаға салуда. Жамбылдық жастардң бұл тұрғыда пікірі қандай?
- Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы латын әліпбиіне көшу мәселесі көтерілісімен біз бұл жайтты назарға алдық. Бұл бағытта басқармада арнайы желілік кесте әзірленіп, жыл соңына дейін жоғары және арнаулы орта оқу орындарында, қала тұрғындары мен жастар көп шоғырланған орындарда, базарларда түрлі форматтағы 30-ға жуық шара өткізу жоспарланған. Бүгінгі күнге жалпы облыста 50-ден астам шара өткізілді.
- Теріс діни ағымдармен күрес қандай деңгейде?
- Басқарма жастар арасындағы діни сауаттылықты арттыру бағытында да тиісті жұмыстарды іске асыруда. Ағымдағы жылы жат діни ағымның жетегінде кеткен жастарды «Жасыл ел» еңбек жасағына тарту жұмыстары қолға алынды. Бүгінде Тараз қаласы мен аудандардағы «Жастар ресурстық орталықтарында» 17 теолог маманы қызмет атқарады.
Олардың тарапынан биылғы жыл басынан бері 600-ден астам шара өткізіліп, жалпы бұл шараларға 20 мыңға жуық жас қамтылды.
Басқармада ағымдағы жылы мемлекеттің дін саласындағы саясатын жүзеге асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде жұмыстар жүруде.
Ақпараттық автокеруен аясында облыстық «Дін проблемаларын зерттеу» орталығының өкілдерімен және волонтерларды тарта отырып, 1152 жастан сауалнама алынып, мәдениет үйлерінде діни тақырыптар төңірегінде «Адасқандар», «Тағдыр тәлкегі» тақырыбында театрландырылған көріністер көрсетілді.
- Дін мәселесі түсінікті, жұмыссыздықпен күрес ше? Елде жұмыспен қамтуға арналған мемлекеттік бағдарламалар көп, жамбылдық жастар оның игілігін көріп отыр ма?
- Иә, биылдан бастау алған «Баршаға арналған тегін кәсіби-техникалық білім» бағдарламасы жастарға үлкен мүмкіндік ашып отыр. Ағымдағы жылы жастарды тегін-кәсіптік оқытуға жергілікті бюджет есебінен 4993 орын бөлінді. Оның 73,4 пайызы жұмысшы мамандықтарды дайындауға бағытталды. Қазіргі таңда облыста аталған бағдарлама аясында 770 адам білім алуда.
Облыста жұмыссыздықтың алдын алу және жастарға мамандықты дұрыс таңдауға көмек көрсету мақсатында «Түлектер тақтасы» жобасы іске асырылуда.
Жастарды мерзімді жұмыспен қамту да өзекті.
Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасы аясында ағымдағы жылдың 1-қарашасына дейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына 29 жасқа дейінгі 14 378 жас тартылды.
Одан бөлек, жастарды маусымдық жұмыспен қамту мақсатында ағымдағы жылы республикалық трансферт есебінен Тараз қаласы мен аудандарда «Жасыл ел» еңбек жасағындағы 875 жасты уақытша еңбекпен қамтуға 44 млн. теңге қаржы қаралды.
Басқарманың ұйымдастыруымен жоғары және арнаулы оқу орындарындағы 145 студент Тараз қаласы мен аудандардағы құрылыс нысандарында жұмыс атқарды . Одан бөлек, жергілікті жерлердегі 28 құрылыс, күрделі жөндеу жұмыстарында 208 жас еңбек етті.
- Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңыз үшін рахмет! Ісіңіз алға бассын!