Елімізде қаражаттың ең көп құйылатын екі саласы болса, олардың бірі – білім беру, екіншісі – денсаулық сақтау салалары екені мәлім. Экономиканың өзге секторларына (ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, тау-кен және т.б.) құйылған қаражаттан қайтарым болады. Ал, денсаулық сақтау саласына құйылған қаражат тек дені сау, еңбекке жарамды ұрпақтың кепілі.
Сондықтан да болар, Мемлекет басшысы жыл сайынғы жолдауларында дәл осы медицина саласын дамытуды үкіметке ерекше тапсырады. Сондай-ақ, әр кезеңде денсаулық сақтауды дамытуға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар әзірленіп, ол халықтың игілігі үшін жұмыс істеп келеді.
Осы аталған бағдарламалардың бәрінің мақсаты бір екені белгілі, ол – халықтың денінің саулығы, өмір сүру ұзақтығы. Қазақстан әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына енуі үшін халқының орташа өмір жасы 75 жылдан кем болмауы керек. Ал, қазір республика тұрғысынан келгенде біз әлі бұл көрсеткішке жеткен жоқпыз. Сондықтан, Денсаулық сақтау министрлігіне, оның құрылымдарына, үкіметтің өзіне көп еңбектену керек.
Десе де, еліміздің кей өңірлерінде медицина саласы жаңа деңгейге шығып, дамуды бастан кешіріп жатыр. Солардың бірі Алматы қаласының денсаулық сақтау саласы. Күні кеше аталған басқармаға жаңа басшы тағайындалып, қаланың дәрігерлері және журналистер алдында есеп берді. Серікбол Мусиновтың айтуынша, Алматы тұрғындарының орташа өмір сүру жас ұзақтығы соңғы 10 жылда 5,5 жылға өсіп, 75 жасты құрапты. Басқарма басшысы сондай-ақ, биылғы жетістіктерге де тоқталды.
Жаңа басшы көз жүгірткен жетістіктерге біз де құлақ түріп көрсек, Алматының денсаулық сақтау саласында оң өзгерістер көп көрінді. Ең бастысы туу көрсеткіші көбейіп, ана мен бала өлімінің көрсеткіші төмендеген. Туберкулез ауруына шалдыққандар саны азайып, осы аурудың салдарынан болатын өлім-жітім көрсеткіші 36 пайызға төмендепті. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін қаражат көлемі соңғы он жылда 5 есеге артып, ол 19,5 миллиард теңгеден қазіргі кезде 99,5 миллиардқа жетіп отыр.
Алматы қаласында бір адамның денсаулығын жақсартуға жұмсалатын шығын 17081 теңгеден 55 мың теңгеге жетіпті. Денсаулықты жақсартуға деген оң көзқарас, қала тұрғындарының салауатты өмір салтын ұстануына қажетті барлық жағдайлар қарастырылуының нәтижесінде тұрғындардың өмір сүру жасы 5,5 жасқа ұлғайып, ол қазір 75 жасты құрап отыр.
Алматы қаласы Орта Азия және Қазақстан бойынша Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымының «Саламатты қала» жобасына енгенін де Серікбол Мусинов мақтанышпен айтып өтті. Медициналық туризмді дамыту қарқынды жүргізілуде. Халыққа стационарлық және басқа да медициналық көмек көрсетуде жекеменшік медицина мекемелерінің үлесі артып келеді. Жеке инвестиция есебінен емхана, ЭКО орталығы құрылды. Қазіргі кезде Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасына қарасты емханалар мен ауруханаларда МӘМС жүйесі бойынша жүйелі жұмыстар атқарылуда. Бүгінгі күнге дейін қала емханаларына 1 миллион 800 адам тіркеліп, өз мәртебелерін анықтап үлгерген. Жаңа басшы Алматының жаңа емдеу нысандарын салу, күрделі жөндеуді қажет ететін мекемелердің күрделі жөндеуден өткізілуін де жақсы бағалап өтті. Жедел жәрдем көліктерінің жаңартылып, бұл сала жұмысының жаңаша ұйымдастырылуы, қаладағы ең ірі ауруханалардың бірі — №4 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлімінің науқастарға кешенді көмек көрсететін «Emergency romm» жүйесіне көшуі де Алматының денсаулық сақтау сақтау саласындағы үлкен жаңалықтардың бірі екендігін атай келіп, басқарманың жаңа басшысы осы жетістіктерді одан ары қарай арттырып, келер жылы да осы қарқында жұмыс істеуге әріптестерін шақырып, Алматының ақ желеңді абзал жандарын Тұңғыш Президент күні мерекесімен құттықтады.