$ 498.34  519.72  4.85

9 айдың қорытындысы: елімізде өлім-жітім саны азайған

Еліміздің денсаулық сақтау саласында реформалардың көп әрі жиі жүргізілетіні белгілі. Өйткені, әлемдік медицина бір орында тұрған жоқ, күндегісін күніге технологиялар жаңарып, ауруды емдеудің жаңа түрлері пайда болып жатады. Заманға сай аурудың да түрлері артып келеді. Сондықтан, денсаулық сақтау саласын біз де реформалап отырмасақ әлемдік көштен тым қалып кетуіміз мүмкін. Ал, қалып ктесек дамыған елдер қатарына қосылу деген мақсатымыз тек арманға айналып қала бермек.

Дәл осы саланы дамыту үшін былтыр елімізде «Денсаулық» деген атаумен жаңа бағдарлама іске қосылған болатын. Бүгін ағымдағы жылдың 9 айына есеп берген ҚР Денсаулық сақтау министрлігі коллегия өткізіп, аталған бағдарлама аясында болып жатқан өзгерістер мен Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы айтып берді.

Аталған шараға Қоғамдық кеңестің мүшелері, аймақтың денсаулық сақтау басқармаларының басшылары, ведомствоаралық мекемелердің, өңірлік департаменттердің басшылары қатысты.

Коллегия барысында ҚР денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы, 2017 жылдың 9 айының қорытындысы, ТМККК-да медициналық қызметтің бәсекелестікке қабілетті нарықта дамуы, 2018 жылға арналған медициналық қызметті сатып алу мәселелері, 2018 жылға арналған АДҚЕ Бірыңғай дистрибьютер шеңберінде тұрғындарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тетіктері қаралды.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Қоғамдық денсаулық сақтау саясаты департаментінің директоры Айжан Есмағамбетова өз баяндамасында ағымдағы жылдың 9 айында нәресте өлімінің көрсеткіші бойынша оң динамиканың сақталып отырғанын (7,3%-ға төмендеуі), қатерлі  ісіктен өлім-жітімнің (5,7%-ға) азайғанын, қайғылы жағдайдан, жарақаттан өлім-жітімнің (9%-ға) төмендегенін, былтырғы жылдың осы уақытымен салыстырғанда туберкулезден өлімнің көрсеткіші (15,1%-ға) азайғанын мәлімдеді.

«Өздеріңізге мәлім, барлық саланың басты мақсаты медициналық қызметтің сапасын арттыру болып табылады. Сапаны сипаттайтын бірден бір көрсеткіші -бұл тұрғындар шағымының болмауы. Талдау нәтижесі көрсеткендей, негізделген шағымның саны былтырғы жылдың деңгейінде-26% болып қала бермек», - деп Айжан Есмағамбетова өз ойын толықтырды.

Ол сондай-ақ, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ұлттық саясатын іске асыру мәселелеріне де кеңірек тоқталды. Бүгінгі таңда барлық дәрілік заттардың бағасын кезең-кезеңмен реттеуді енгізуді қарастыратын заң жобасы әзірленді, дәріні тіркеу рәсімі өзгертілді, таңбалаудың электронды жүйесі және барлық дәрі-дәрмекті қадағалау, дәрі-дәрмектерді этикалық жүргізу ережелері енгізілді. Сонымен бірге, денсаулық сақтау медициналық теxнологияларын кешенді бағалауды жүргізу жүйесі  және дәрілік заттардың клиникалық және экономикалық тиімділігін бағалауға мүмкіндік беретін және нәтижесінде денсаулық сақтаудың шығындарын оңтайландыруға әкелетін  және жемқорлықты жоятын жүйе әзірленді.

Бұдан өзге, спикер міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу мәселелері жайында xабар бере кетті. Мемлекет пен жеке тұлғаның әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына төлем жарналарын аудару мерзімін  және МӘМС жүйесінде тұрғындарға медициналық көмек көрсеткені үшін төлем мерзімін ауыстыруға байланысты 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап заңнамаға өзгертулер енгізіледі. Заң жобасы Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының қаралуында.

«МӘМС енгізу уақытын ауыстыру кезеңінде келесі бағыттар бойынша жұмыстар жалғасатын болады: 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап МӘМС жүйесін толықтай енгізу мерзімін ауыстыруды қарастыратын ережелерді 2017 жылдың аяғына дейін қабылдау, азаматтық-құқықтық сипатындағы шартпен табыс табатын жеке тұлғаға арналған мөлшерді төмендету, 2022 жылға дейін сақтандырылмаған тұрғындарға арналған ауысым мерзімін ұсыну, тегін медициналық көмектің кепілді көлемін арттыру шеңберінде жаңа тариф саясатын іске асыру, денсаулық сақтау жүйесін сандыққа көшіру, медициналық ақпараттық жүйені, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының ақпараттық жүйесін енгізу», - деді Айжан Есмағамбетова.

Медициналық ақпараттық жүйені (МАЖ) енгізу бойынша өңірлерде жұмыстар жалғасын табуда. Қазіргі таңда медициналық ақпараттық жүйемен 48% ғана, республика бойынша денсаулық сақтау мекемелері (жылдың басында – 37%) қамтылған. Денсаулық сақтау басқармалары медициналық ақпараттық жүйемен 100 пайыз қамтылуы үшін осы бағытта жұмыстарды күшейтуге тиіс.

Денсаулық сақтау мекемелерінде компьютерлік теxникамен жабдықталу деңгейі 78,4% құрайды.

2018 жылдың аяғына дейін Ақпарат және коммуникация министрлігімен, Астана, Алматы қалаларының және облыс әкімдіктерімен бірлесе "ҚР шалғай елді -мекендердің тұрғындарын талшықты-оптикалық байланыс желісімен қамтамасыз ету" жобасының шеңберінде денсаулық сақтау мекемелерін интернет желісімен қамтамасыз ететін болады. Бүгінгі таңда Қазақстан бойынша интернет желісіне қолжетімділік 49,7% құрап отыр.

«Осылайша, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық мекемелер медициналық құжаттарды енгізуде жаппай қағазсыз форматқа көшетін болады, оның ішінде электронды амбулаторлық карталар, электронды ауру тариxы мен электронды дәрілер жазбасы», - деп сөзін аяқтады Айжан Есмағамбетова.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары