Елімізде жас кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін мемлекет тарапынан көптеген іс-шаралар атқарылып келеді. Әсіресе, шағын және орта бизнеске жаңа келген жастарға жеңілдетілген несие, мемлекеттік гранттар қаралған. Бастысы бизнес-жоба халыққа пайдалы әрі кәсіпкерге табысты болуы тиіс.
Осындай жас кәсіпкерлерді қолдау шарасы бүгін Алматыда өтті. Атап айтсақ, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы мен Халықаралық бизнес академиясының колледжі іскерлік ойын ұйымдастарды. Алматыда орналасқан 22 колледждің студенттері «Мен – кәсіпкермін» байқауында бизнес-жобаларын таныстырды.
Байқауға қатысушы жастардың алдында бірегей коммерциялық идеяны ұсыну ғана емес, маркетингтік стратегия мен қаржылық пайданы есептеу міндеті қойылды. Бизнес-жобаларды бағалауға табысты кәсіпкерлер, бизнес-жаттықтырушылар мен бизнес негіздерін үйрететін оқытушылар шақырылды.
«Жобалар өте қызықты. Жастар бизнеске бейімделген. Қаржылық есеп жағынан аздап олқылықтар да бар. Мен экологиямен байланысты сектордың қазылар алқасының құрамында болдым. Қала тазалығы, қоқысты қайта өңдеуге қатысты қызықты жобалар бар. Әлеуметтік жобалар да көңіл аударарлықтай, мысалы стреске қарсы тұсқағаздар жобасын алайық. Біз баға бергенде негізгі үш нәрсені бекіттік: бірінші – қаржысы, жобаны жүзеге асыру қаншалықты шынайы, екінші – маңыздылығы, яғни нарықтағы сұранысы мен жаңашылдығы, үшіншіден – жобаның таныстырылуы, өз өнімін жарнамалау, ақпараттың дұрыс берілуі. Қатысушылардың кейбіреуі тіпті өнімін де алып келген. Фастфудпен байланысты жоба да өте қызықты. Ұрланып кетпес үшін идеясын ашып айтқым келмейді. Дегенмен ойы өте жақсы», - деп баяндады Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасының бизнес-жаттықтырушысы Мәлік Мұсабаев.
Іскерлік ойын екі күнге жалғасты. Іс-шара бағдарламасында жас кәсіпкерлер форумы, бизнес-жобаларды қорғау, бизнес-кейстер бойынша жұмыс істеу, нетворкинг секілді бақыттар қамтылған. Студенттер табысты кәсіпкерлермен танысу, пікір алмасу ұйымдастырылғанына риза. Сауалдарына жауап алып қана қоймай, кәсіп бастауға деген ынталары оянған.
Байқауға шақырылған қонақтың бірі «Қағанат» асхана желісінің негізін қалаушы әрі иесі, Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі Шынар Бүгімбаева студенттерге өз бизнесінің бастауы жайлы ой бөлісті.
«Кәсіпкер болу үшін армандау керек, әрбір қадам, әрбір шешім сол арманның орындалуына сүйрейді. Шешімі шықпай, нәтижесі болмай жатса да сол арман бізді алға жетелейді. Аяқ астынан түрлі идея туындап, шешімі де табыла кетеді. Менің бизнестегі бағытым бала күнімнен-ақ таныс. Тәтем қоғамдық тамақтану басқармасы басшысының орынбасары болған. мейрамхана, кафе, асхана дегендерге жай ғана қонақ емес, ішкі қызметімен таныс болдым. 12 жасымнан тәжірибеден өтіп, ақша таба бастадым. Ғарыш зымыраны ұшқанда энергияның 80% жұмсайтыны барлығымызға аян. Сол сияқты бизнес-жоспар қанша жерден керемет болса да, алғашқы шығынды 5 есе көбейту керек. Ең алғаш 1996 жылы орынды жалға алдым. Екі көмекшім болды, Алғашқы клиенттерді такси жүргізушілері алып келді. Тиісінше олар тегін тамақтанатын», - деп баяндады Шынар Бүгімбаева.
Іскерлік ойы байқауы жеңімпаздарының бірі – Алматы экономика және құқық колледжі. Студенттер өз жобаларында мектеп оқулықтарының орнына компьютерлік бағдарламаны пайдалануды ұсынған.
«Бұл тәсіл кітап-дәптер өндірісі үшін ағаш кесуді тоқтатады. Оқу материалын түсіндіру де өзгереді. Егер математикалық тапсырмада екі автокөлік белгілі бір жылдамдықпен бір-біріне қарама-қарсы келе жатса, бұл видеода көрсетіледі. Шешімін табу үшін түсіну де оңай болады», - деп түсіндірді топ өкілі Святослав Федосов.
Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасы адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Вера Цзин байқаудың басты міндеті бизнес жобаларды дайындаудың тәжірибелік негізін қалыптастыру екенін атап өтті. Қатысушылар өздерінің коммерциялық жобаларының артық-кемшілігін танып, білікті мамандардың кеңесін тыңдай алады.