Қазақстанның көпвекторлы экономикасы ауылшаруашылық саласына көбірек басымдық беретін болады. Мұны біз Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспары жарияланған кезде түсіндік. Яғни, елімізде игерілмей жатқан жерлер мемлекетке қайтарылып, мемлекет оны бәсекелестік ортасына қайта салады. Бұл ауылшаруашылық жерлерінің тиімді пайдаға асып, ел экономикасының дамуы үшін жасалып отқан қадам.
Сол секілді мал шаруашылығы мен жеңіл өнеркәсіпті дамытуды да үкімет қолға алып отыр. Ет пен сүт өндірісен басымдық берілетінін де айта өтейік.
Ал, бұл мақсаттарға қол жеткізу үшін ғылыми зерттеулер, талдаулар, жоспарлар қажет. Осы жұмыстарды жүзеге асыру мақсатында Алматыда осымен екінші рет Ортаазиялық агротехникалық саммит жұмысын бастады. Саммитке әлемнің бірнеше елінен ауылшаруашылық саласының білікті мамандары жиналған. Жиналғандағы міндет – агробизнес мәселелерін мейлінше, бүге-шігесіне дейін талқылау, жаңа технологиялар үлгілерін таныстыру, осы саладағы түйткілдер мен жетістіктер сырына үңілу.
Саммит барысында ауыл кәсіпкерлері ғалымдармен, шенді тұлғалармен тікелей тілдесіп, ой бөлісіп, агроөнеркәсіп кешеніндегі өзекті мәселелерді тілге тиек етті. Одан бөлек жиынға АҚШ, Германия, Австрия, Италия елдерінен 15 шетелдік сарапшы қатысып, ел алдында сөз сөйледі. Олардың арасында АҚШ-тың бұрынғы президенттері Джордш Буш пен Барак Обаманың технология бойынша кеңесшісі қызметін атқарған Томас Селлучи, Корнель университеті өсімдіктерді генетикалық зерттеу бөлімінің басшысы Дженнаро Фазио сынды мамандар бар.
Ауыл шаруашылығының қазіргі жағдайына әсте бей-жай қарауға болмайды. Күн тәртібінен түспей, күйіп тұрған шаруалар шаш етектен. Түйткілдер бізді ғана емес, күллі әлемді алаңдатып отыр. БҰҰ ауыл шаруашылығы және азық-түлік бөлімі ұсынған мәлімет бойынша, жер бетінде әрбір жетінші тұрғын тамақ тапшылығының зардабын тартып отыр. Дүниежүзінде жыл сайын 1 млрд 200 млн адам аш қалады.
– 2025 жылы әлем халқының саны 9 миллиардқа жетуі мүмкін. Сол кезде азық-түлікті тұтыну мүмкіндігі қазіргіден 70 пайызға жоғарылауды талап етеді. Қазақстан жер аумағы бойынша 9-орында және бізде ауылшаруашылық өнімдерін өндіру бойынша алып держава атануға мүмкіндік бар. Ол үшін біз жер, су, еңбек ресурстарын тиімді пайдаланып, ауыл шаруашылығын техникалық жабдықтауды жетілдіруіміз керек. Сонымен қатар ауыл кәсіп иелерінің білімін арттырып, шаруашылыққа мемлекеттік қолдауды да күшейту қажет, – деп атап өтті Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры Тілектес Есполов.
Ректор өз сөзінде ауыл шаруашылығы проблемаларын шешуге атсалысу үшін оқу орны ішінде агротехнологиялық хаб құрылғанын да атап өтті. Саммитте университет ғалымдары мен агрохаб қызметкерлері жаңа технология мен білімді жедел трансферттеуге арналған цифрлық талдау орталығының жұмысымен де таныстырды.
Цифрлық талдау орталығы ұстанып отырған негізгі бағыттардың бірі – өндірісті цифрлық жүйелеуге көшіру, осы арқылы «ақылды» техника және роботтандыру» процесін қолға алу. Бұл тұрғыда біз дрондарды ауыл шаруашылығының қажетіне жаратуды бастап кеткен Flyworx жобасының жетекшісі Диана Душниязовамен сөйлескен едік.
– Мұндай дрондар егіс алқаптарына барлау, талдау жүргізу үшін пайдаланады. Компания алыс қашықтықтан зондпен тексеру, бақылау, ұшқышсыз ұшу аппараттарының көмегімен 3D-моделдеу және қажетті ақпараттарды тәптіштеп жинаумен айналысады. 10-300 метр биіктікте фото, видео түсіріліп, аумақтың ұсақ бөліктерін де көре алады. Осы бақылаудың арқасында алқаптың өсімдік өсіру мүмкіндіктерін біле аламыз және ол жерде қандай ауру ошағы бар, жердің құнарлығы қандай екенін де анықтаймыз, – дейді Flyworx компаниясының директоры Диана Душниязова.
Диананың бастамасы қолдауға тұрарлық. Себебі, қазір аграрлық нарықты терең талдау үшін түрлі құрылғылар мен жер серіктері қолдану белең ала бастады. Инновациялық технологиялар көмегімен алынған деректер зерттеудің басты назарына алынып жатыр. Америкалық серіктестермен жұмыс істеп жатқан компания еншісінде қазір 9 квадрокоптер бар. Диана құрылғы санын арттырумен қатар, білікті мамандарды даярлаумен де айналысуда. Саммитке қатысқан жаңашыл жанның бірі – Арсен Рысдәулетов. Ол – музыканттар отбасында өскен, ірі банкте жұмыс істеп көрген, кейін бәрін тастап, алма өсірумен айналысқан, Түркия мен Израиль елінде бақ шаруашылығы бойынша кәсіби білім алған.
– Өткен жылы мен алғаш рет шағын жер телімін сатып алып, сонда барлық ережелерін сақтай отыра апорт алмасын отырғыздым. Баяғы апорт алмасы туралы көп адам тамсана айтады. Сол аңызға айналған алманы қайта оралтуға қадам жасағаным үшін қуаныштымын. Алмаларымды ішкі нарық толықтай тұтынса деп армандаймын, содан соң артылып жатса, мүмкін, шетелге экспорттаймыз. Бұл шаруамен соңғы 5 жыл көлемінде кәсіби түрде айналысып келе жатырмын. Жыл сайын кәсібімнің аясы кеңеюде. Бақ шаруашылығы – әрдайым күтімді қажет ететін, мұқият зерттеу мен қарқынды жұмысты талап ететін сала. Алматы облысындағы Шелек ауылының фермерлерімен бірге жұмыс істеп, олардың жаңа технологияларды пайдалана алуы үшін жағдай жасап жатырмыз. Фермерлер кооперативтер құрып, делдалсыз кәсіп жүргізіп, өз өнімдерін лайықты стандарттап, оларды супермаркеттер мен нарыққа тікелей жеткізуі тиіс. Алдағы уақытта шетелмен байланысты үзбейміз, ауыл шаруашылығын дамытуға барынша күш саламыз, – дейді Alatau Fruits компаниясы отбасылық алма бағы жобасының менеджері Арсен Рысдәулетов.
Саммит барысында агроөнеркәсіптік секторды құру және оған мемлекеттің қолдау танытуы сөз болып, су тасқынын болжау жүйесі, климаттық тәуекелдерді басқару, фермерлерге арналған GIS технологиялар туралы да сөз қозғалды.
Абай Аймағамбет