Биыл сәуір айында Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласы жарық көргені белгілі. Президенттің бұған дейінгі жолдаулары, мақалалары мен бағдарламалары ел экономикасын тіктеуге бағытталса, бұл жолғысы Қазақстанның идеологиясын қалпына келтрігуге арналып отыр. Яғни, бағдарлама қоғамдық сананы жаңғыртуды көздейді.
«Рухани жаңғыру» бірнеше басым бағыттан тұратын маңызды құжат. Сол бағыттардың бірі - «Туған жер» бағдарламасы. Бағдарламаның басты мақсаты - Қазақстанның ауылды жерлерін дамытып, халқының әлеуетін арттыру. Мәселен, танымал өнер және қоғам қайраткерлері, белгілі кәсіпкерлер өздері туып-өскен ауылға қайырымды іс жасап, өзгелерге үлгі болуы тиіс.
Бұл бағдарлама аясында бүгінде біршама игі істер атқарылды: жол жөнделді, мектеп салынды, мектеп пен балабақшаға жиһаз сыйға тартылды, ағаш егіліп, кей тұрғындар таза ауыз суға да қол жеткізді. Оның бәрін санамалай берсек бір мақалаға сыя қоймас. Сондықтан біз тек Солтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері атқарған ілкімді істер туралы азды-кем сөз қозғап көрсек.
Өңірдегі агроөнекомпаниялар мен шаруа қожалықтарың басшылары 2017 жылдың басынан бері ауылдарды дамыту үшін 1 миллиард теңгеден астам қаражат жұмсапты. Бұл тек биыл ғана атқарылған шаруа емес. Жыл сайын ірі кәсіпкерлер ауыл тұрғындарының қордаланған мәселелерін шешіп беріп келеді. Атап айтқанда, ауыл клубтарын қалпына келтіріп, медициналық тіректер салып беруде, жолдарды жөндеп, су құбырларын жаңартып жатыр немесе мүлдем ауыз су құбыры тартылмаған ауылдарға құбыр тартып берген кездері де бар. Сонымен қатар, ауылдықтарға қажетті өзге де әлеуметтік орталықтарды ашып беріп, олардың одан әрі жұмыс істеп тұруын қадағалап келеді. Оқушыларды тегін тамақпен қамтамасыз ету, қыста жолдарды қардан тазалау секілді «майда-шүйдені» айтудың да қажеті жоқ. Мұны кәсіпкерлер ертеден-ақ әдетке айналдырған.
Солтүстік Қазақстан облсындағы 13 ауданның әрқайсысында ауылшаруашылық құрылымдары бар. Олар әрдайым жергілікті әкімдіктердің өтінішіне үн қатып, туған ауылдарының инфрақұрылымын дамытуға қаржылай қолдау көрсетіп келеді дейді «Казах-Зерно» агенттігінің өкілдері. Мұны кәсіпкерлер тіпті, өздерінің борышы санайды екен.
Мәселен. Мағжан Жұмабаев ауданындағы Қарақоға ауылында жергілікті тұрғындар көптен бері таза ауыз суға зар болып келген еді. Жергілікті ауылшаруашылық құрылымдарының демеушілігімен ауылға су құбыры тартылып, биылдан бастап қарақоғалықтар таза су іше бастады. Шығынның барлығын «ЖНВ» ЖШС мен «Қарақоға» шаруа қожалығы өз мойнына алған. Олар былтырдан бастап осынау іспен айналысып, биыл оның жемісін бүкіл ауылдықтар көрді. Қос шаруашылықтың 20 мың гектардай жері бар. Аймақтағы ең ірі қожалықтардың бірі болып есептеледі. Аудан әкімдігінің мәліметінше, Қарақоға ауылына су тарту үшін қос компания 80 миллион теңге жұмсапты.
«Әдетте құбыр тарту үшін автомобиль жолдарын қазып тастап жатады ғой, бізде олай болған жоқ. Жерді тесу арқылы ескі құбырларды қайта жаңарттық, біразын қалпына келтірдік. Қазір ауылдағы 635 үйдің 162-сі таза су құбырына қосылып, рахатын көріп отыр. Сондай-ақ, ауыз су балабақша мен мектепке, мешіт пен шіркеуге де жетті. Қос шаруа қожалығының басшылары келер жылы да бастаған жұмыстарын жалғастырып, өзге тұрғындардың үйіне дейін құбыр тартып бермекші», - дейді Қарақоға ауылының әкімі Анна Жорова.
Ал, Ғабит Мүсірепов ауданындағы Пески ауылында қоғамдық монша салынып отыр. Оның құрылысына жұмсалған 25 миллион теңгені «АЗКО-Пески» ЖШС көтерген. Нысан жылдың соңында ашылып, алғашқы келушілерін қабылдайтын болады. Демеуші компанияның директоры Айдар Жанзақовтың айтуынша, қоғамдық монша жергілікті тұрғындардың сұранысы бойынша салынған. Ертең оған келушілердің де саны көп болуы тиіс. Ауылда барлығы 600 тұрғын бар.
«Ауылымызда ескі монша бар. Оның салынғанына да 12-13 жылдың шамасы болып қалды. Сол уақыттан бері халыққа үздіксіз қызмет көрсетіп келеді. Яғни, тозды. Сондықтан, ауылдықтарға жаңа үлкен монша қажет. Жерлестерімнің тілегін орындау үшін былтыр әкімдіктен жер алып, ғимараттың іргетасын қаладық. Құрылысын биылдан бастап жүрігізіп жатырмыз. Жаңа жылға қарсы пайдалануға беріп, алғашқы келушілеріне есігін айқара ашатын болады», - дейді кәсіпкер Айдар Екпінұлы.
Қазір нысан құрылысының негізгі жұмыстары аяқталған. Құрылысшылар ішкі әрлеу жұмыстарымен айналысып жатыр. Моншада тұрғындар үшін монша қажеттіліктерін сататын дүкен және шаштаразы бөлмесі де болады. Жаңа нысан аптасына 4 күн жұмыс істеп, бір мезетте 25 адамды қабылдай алатын мүмкіндікке ие. Моншаны ысыту үшін көмір жағады. Ал, су болса орталық құбыр арқылы тартылмақ.
Солтүстік Қазақстан облысы Аққайын ауданындағы «Зенченко и К» серіктестігі қазақстандықтарға жақсы таныс. Аталған компаниядан шығатын сүт өнімдері бүгінде көпшіліктің сүйікті асына айналып үлгерген. Бүгінде осы компания басшылары Аққайын ауданындағы құрдымға кеткен ауылды қайта аяққа тұрғызып отыр. Рублевка аталып кеткен осынау ауылдың шаруашлығын бұған дейін өзге инвестор алып, иелікті дұрыс пайдалана алмай, ауылдықтарды тақырға отырғызып кеткен екен. Аралағаш ауылдық округінің әкімі Береке Сәдуақасовтың айтуынша, «Зенченко и К» серіктестігінің басшылары ауылда ең алдымен мал шаруашылығы кешенін салып, тоқсаныншы жылдары өртеніп кеткен Мәдениет үйін қалпына келтіріпті.
«Жаңа инвестордың келуімен ауылда түбегейлі өзгеріс орын алды. Көшелерде жарық шамдары пайда болып, тұрғындар таза ауыз сумен қамтылды. Ауылдықтар тұрақты жұмысқа тартылып, жоғары жалақы алып отыр. Рублевкада 204 аула бар. Бүгінде олардың 164-не су құбыры тартылған. Ауыл клубының жөндеу жұмыстарын да «Зенченко и К» серіктестігі жүргізді. Құрылыс биыл жазда басталған болатын, қазір толықтай аяқталды. Түгі қалмаған ғимаратты қалпына келтірді деп айтуға болады: қабырғаларын жаңадан өріп, шатырын жапты, пластик терезелер салды. Қазір жұмысшылар ішкі әрлеуін жүргізіп жатыр, жақында пайдалануға беріледі», - дейді Береке Сәдуақасов.
«Зенченко и К» серіктестігі қай ауылға жұмыс істеуге бармасын, ең алдымен мәдениет үйлерін қалпына келтіреді, мұны олар әдетке айналдырған. Өйткені бұл игі істі ең алғаш болып Еңбек ері, компанияның негізін қалаушы Геннадий Иванович Зенченко бастаған екен. Қазір оның ұлдары да бұл бастаманы жалғастыруда.
«Біздің компанияның негізгі зауыты орналасқан Новоникольск пен бізге қарасты тағы екі ауылда ауыл клубтары мен Мәдениет үйлері бар. Барлығын да аяққа тұрғыздық. Жуырда Бостандық жеріндегі өртеніп кеткен ғимаратты жөндеп бердік. Рас, әлі жөндеу жұмыстары аяқтала қойған жоқ, бірақ, ауылдықтар сонда жиналып, мәдени шараларын өткізе бастады. Ленинск пен Қарағашта жаңа клуб аштық, енді міне Рублевка ауылындағы нысанды да қалпына келтірудеміз», - дейді «Зенченко и К» серіктестігінің бас директоры Геннадий Зенченко.
Клубты қалпына келтірді деуге келмейді, оны басынан қайта салып шықты. Құрылысшылар ескі суреттерге қарап отырып, ғимараттың сәулетін бұзбастан дәл сол қалпында нысанды басынан тұрғызған. Алдағы көктемде ол алғашқы келушілерін қабылдайды.
«Ғимаратты қазір пайдалануға берсек те болады, бірақ асығыстыққа бармауға келістік. Ішін толық сырлап, әрлеу жұмыстарын жүргізіп, ауланы көгалдандыруымыз керек. Ол үшін көктемді күтеміз. Қыста мұндай жұмыстардың жүргізілмейтінін білесіздер», - дейді серіктестіктің басшысы.
Рублевкадағы Мәдениет үйінің жөндеу жұмысына қанша теңге шығын кеткенін Геннадий Зенченко әзірге айта алмайды. Алдымен нысан келушілеріне есігін ашып, алғашқы іс-шарасын өткізуі тиіс. Кеткен шығын да сол кезде есептеледі екен. Дегенмен, кәсіпкердің сөзінен ұққанымыз, қазірдің өзінде құрылыс жұмыстарына ондаған миллион теңге жұмсалыпты.
Солтүстік Қазақстан облысындағы ауылдардың гүлденуіне тек жергілікті кәсіпкерлер ғана атсалысып жатқан жоқ. Өңірде туып-өсіп, өзге аймақтарға көшіп кеткен азаматтар да қол ұшын созуда. Солардың бірі – Ыдырыс Құзахметов. Кәсіпкер Астанада тұрып, осында кәсібін дөңгелетіп отыр. Ол өзі туған Айыртау ауданында бірнеше өндіріс орнын ашып, жергілікті тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп келеді.
Ыдырыс Құзахметовтің жалғыз өзі Имантау ауылында 130-дан астам жылыжай салып тастаған. Мұнда жергілікті тұрғындар Астананы, Петропавл мен Қарағандыны, Қостанайды және Ресейдің кей қалаларын көгалдандыру үшін әр түрлі гүлдер өсіреді. Жыл сайын Имантау тұрғындары бір ғана Ыдырыс Құзахметов үшін 4 миллион түп гүл өсіріп шығарады екен. Кәсіпкер болса мұны ауылдастарынан нарықтағы бағамен сатып алады.
«Асыра айтқаным емес, сол кісінің арқасында қазір Имантау ауылы тарап кетпей өмір сүріп келеді. Ыдырыс Құзахметов тек соңғы 5 жылдың өзінде ауылға мешіт, дүкен, жартылай дайын өнім шығаратын цех, наубайхана, дәмхана және кондитер дүкенін салып берді. 50-ден аса тұрақты жұмыс орны ашылды. Қазіргі таңда шұжық, балық өнімдерін дайындайтын цехтардың құрылысы жүріп жатыр. Жуырда өз диірменіміз болады. Сүт өнімдерін шығаратын цех ашылып, жеміс-жидек бағы өсіріледі. Қысқасын айтқанда, Ыдырыс Құзахметов жоғалудың сәл алдында болған Имантауды қайта аяққа тұрғызды», - дейді Имантау ауылдық округінің әкімі Любовь Сердюк.
Айыртау ауданының дамуына өзге де меценат үлесін қосуда. Ұлттық ғылыми медициналық орталықтың басқарма төрағасы абай Байгенжин аудандық ауруханаға құны 62 миллион теңге болатын су жаңа қондырғыларды сыйға тартты. Мұны ол жергілікті тұрғындардың денсаулығын жақсарту үшін жасаған қарапайым әрекетім деп отыр.
«Кешегі қазан айының соңында Абай Қабатайұлы өзінің туған жеріне келген болатын. Оған Айыртау ауданының Құрметті азаматы деген атақ бердік. Сол кезде ол ауданның денсаулық сақтау саласын өз бақылауына алып, орталық ауруханаға қымбат қондырғы сатып әперетенін айтқан еді», - дейді Айыртау ауданы орталық ауруханасының бас дәрігері Саят Молдахметов.
Мұнан кейін бас дәрігер мен Абай Байгенжин ауруханаға қажетті қондырғылардың тізімін жасапты. Олардың қатарында хирургиялық тірек, наркозбен демалу аппараты, өкпені жасанды демалдыру аппараты, УДЗ аппараты және өзге де қондырғылар болған. Барлығының құны 62 миллион теңгені құрапты. Жуырда су жаңа қондырғылар аудандық аурухана ғимаратына жеткізіледі.
«Негізі жоғарыда аталған аппараттардың барлығы бізің ауруханада бар. Алайда, әбден тозығы жетті. Біразы істен де шыққан. Сондықтан біз кейде науқастарды Петропавл қаласына жіберіп жатамыз. Ал, енді ол машақаттан құтылдық. Ауырғандардың барлығы өзімізде тексеруден өтетін болады», - дейді С.Молдахметов.
Айта кетейік, 2017 жылы солтүстікқазақстандық кәсіпкерлер барлығы 120 қайырымдылық әрекетімен көзге түскен. Барлығы да жергілікті тұрғындардың өмір сүру деңгейін арттыру үшін жасалып жатқан шаралар. Меценаттар жергілікті тұрғындар мен билік өкілдерінің өтінішін ешқашан жерге тастамай, үнемі халықтың әлеуетін арттыруға қомақты қаражат жұмсап келеді. Осылайша облыс кәсіпкерлері биыл жыл басынан бері туған жерді өркендет үшін 1,3 млрд теңге қаражатын жұмсапты.
Солтүстік Қазақтан облысы жер көлемі жағынан Қазақстандағы ең шағын өңір. Облыс халқының саны 570 мыңнан асады. 13 ауданда 190 ауылдық округ және 689 ауыл бар.