$ 444.22  476.38  4.82

Қызылорда тұрғыны: «Полицейлер күйеуімді ұстау үшін көлігіне есірткі тастаған және ол бейнекамераға түсіп қалған»(ВИДЕО)

Күні кеше әлеуметтік желілерде Қызылорда қаласының тұрғыны Эльвира Маханованың видеоүндеуі жарияланды. Ол полицейлердің заңсыз әрекетінен жәбірлендік деп, қоғамнан көмек сұрап отыр. Айтуынша, тәртіп сақшылары оның күйеуін ұстау үшін көліне есірткі тастаған көрінеді. Ал, бұл сәт мектептің бейнебақылау камерасына жазылып қалған.

«Осы видехабарлама арқылы полиция қызметкерлерінің заңсыз әрекеттеріне шара қолдануларыңызды сұраймын. Яғни, желтоқсанның 14-і күні сағат 18:30-дар шамасында күйеуім Рахатов Русланды мектеп алдында полиция қызметкерлері ұстады. Ұстау барысында автокөлігіне тексеру жүргізіліп, артқы орындықтан көп мөлшерде есірті заты табылды. Сол оқиға мектептің бақылау камерасына түсіп қалған», – деп әйел сол күнгі видеоны көрсетті.

Бақылау камерасында автокөлікке келе жатқан ер адамды полиция қызметкерлері тұтқындап, жерге жатқызып, қолын қайырғаны анық көрінеді. Дәл осы уақытта полицейлер мінген көліктен тағы бір адам түсіп, күдіктінің көлігінің артқы есігінен кіріп, бірнеше секундтан кейін қайта шығып кетеді. Шағымданған әйелдің айтуынша, осы адам көліктің артқы орындығына есірткіні қасақана тастап кеткен.

Бұл жайттың анық-қанығын білу мақсатында Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметімен байланысқан болатынбыз. Ондағылар аталған жайттан хабардар екенін, видеоүндеуді көргендерін айтты және күдіктіні ұстаған полицейлердің өздерінің үстінен тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

«Аталған дерек 2017 жылғы 19 желтоқсанда Сотқа дейінгі тергеп тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 416-бабының 4-бөлігімен тіркеліп, Қызылорда облысы Ішкі істер департаментінің Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тергеп-тексеру жұмыстары басталды», – дейді Қызылорда облысы ІІД баспасөз қызметі.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары