72 жастағы физик ғалым, көптеген ғылыми жұмыстардың авторы Сапарбай АРЫНОВ Алматыда үйсіздерге арналған орталықта тұрып жатыр деп мәлімдейді Almaty.tv телеарнасы.
Ғалымның айтуынша, ол орталыққа кездейсоқ тап болған, ендігі қалған өмірін кітап жазуға арнауға бел буыпты.
«Жоқ, бұл кездейсоқтық. Мен мұндай мекеме барын мүлде білмеппін. Бірақ маған бұл туралы айтқан кезде, ойландым. Қыста адамға жататын орын керек, әрине, қазір мен үшін бұл – тыныштық»,– дейді Сапарбай Арынов.
Бұған дейін қария ұлымен бірге Есік кентінде тұрған. Алайда, бір күні келінімен сөзге келіп, үйден кетіп қалыпты. Сөйтіп, Алматыға жол тартқан, вокзалда бұзақылар оны тонап, ұрып кеткен. Ауруханадан шыққаннан кейін бейімделу орталығына келген. Егде жастағы ер адам төрт немересіне жиі барып тұрады. Зейнетақысына немерелеріне Жаңа жылға сыйлық алған.
"Немеренің орны бөлек. Әрине, олар басқа буын, олармен уақыт өткізу қызықты. Мен балаларды қатты жақсы көремін. Балалардың жаны таза, жүрегі пәк. Олармен сөйлесіп, әңгімелескеннен кейін жаның жадырап қалады", — дейді ғалым.
Ғалымның әйелімен ажырасқанына көп болған, жалғыз қызы анасымен бірге қалыпты. Сапарбай Арынов – ресейлік баспа жариялаған 60 ғылыми жұмыстың авторы. Соңынан ерген ізбасарлары докторлық диссертация қорғап жатыр. Қазір қарияның арманы – қазақ тілінде физика туралы кітапты жазып бітіру. Сондай-ақ ол жоғары оқу орнында оқытушы болып жұмыс істеуді жоспарлап отыр.
Қазір орталықта тұрғылықты мекенжайы жоқ 185 адам тұрады. Оның 29-ы әйелдер. Қыста баспанаға мұқтаж жандар саны көбейеді. Бірақ, өкінішке қарай орын тапшы. Үйсіздерге арналған орталықта Сапарбай Арынов ең көп дегенде бір жыл қала алады.
"Біз оның балалары мен туысқандарының қайда тұратынын білеміз. Ол да біледі. Білуімізше, ол ұлына барып келген. Бірақ баласы үйде болмапты. Ол алыс жолға шығатын жүргізуші болып істейді. Қызымен де хабарласып тұрады. Әдетте біз туысқандары бар адамдарды орталыққа қабылдамаймыз. Бірақ қыс келіп қалғасын, Сапарбай Арыновқа рұқсат еттік. Ол ғалым, физик, математик. Әрі қарай не істейтінімізді шешеміз енді", — дейді Алматы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік бейімделу орталығы директорының міндетін атқарушы Қазыбек Жылқыбеков.
Орталықтағылар Арыновты қариялар үйіне жібергісі келеді. Бірақ ол үшін балалардан жазбаша бас тарту хаты керек екен.