05.01.2018, 03:46

Порно видеоның кейіпкері атанған діндарға қатысты тағы да дау шықты

Шымкентте дінтанушылар тағы да бір дүрлікті. Бұл жолы олар далада қала жаздады. Бұған басы даудан арылмай келе жатқан Нұржан Тұрсынбай басқаратын Оңтүстік Қазақстан облысы Дін мәселелерін зерттеу орталығының қарызы себеп болыпты. Осы орталық жалдап отырған ғимарат иелерінің айтуынша, былтыр мұндағылар 2 жарым миллион теңгеден астам қаржыны бермей қойған. Биылға да келісім-шарт жасалмай, созбалаңға салған директорды қызметкерлерімен бірге жалға берушілер бүгін кеңселеріне кіргізбей қойды деп мәлімдейді KTK телеарнасы.

Таңертеңгі сағат 9-да қызметіне келген дінтанушылар жұмыс орындарына кіре алмай абдырады. Ғимаратты жалға беріп отырғандар есікті тарс жауып, 20-ға жуық қызметкер далада сандалды. Сондағы себеп дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы Нұржан Тұрсынбай өздері жалдап отырған кеңсенің әкімшілігімен келісім-шарт жасамай созбалаңға салыпты. Сосын ғимарат иесі не құжатын реттесін, не басқа жаққа кетсін деген талап қойған. Бірақ дінтанушылардың бұл жерден қозғалғысы жоқ.

Қызметкерлер бір сағаттай далада қалып, айғай-шу шыққан соң ғана орталық пен жалға берушілер арасында бір жылдық келісім-шарт түзілді. Діндарлар сосын барып өз кеңсесіне кіргізілді. Ал ғимаратты жалға берушілердің айтуынша, Нұржан Тұрсынбайдың қулығына құрық бойламайды екен. Дін мәселелерін зерттеу орталығының басшысы былтыр 3 айдың ақшасын бермей қыруар қарызға батырған көрінеді.

“3 ай алдап келді. Кейін басқа жермен келісім-шартқа тұрып қойғанмын деп, көшіп кетті. Бірақ, 3 айдың ақшасын төлемеді. Әр айға 900 мыңнан 2 миллион 700 мың теңге қарыз.  Келісім-шартқа отырыңыз немесе босатыңыз деген талап қойдық”, – жалға берушінің өкілі Арман Нахов.

Жалпы, Нұржан Тұрсынбайдың басы былтырдан бері даудан арылмай-ақ қойды. Мамыр айының соңында оған ұқсас адамның жыныстық қатынасқа түсіп жатқан видеосы әлеуметтік желілерге тараған еді. Содан соң жұмысынан өз еркімен кетіп, жарты жылдан кейін қызметіне сот арқылы қайта келген оны ұжымы қабылдамай қойды. Қоластындағылары оның кадрлық бизнеспен айналысып, өз ұжымдастарымен соттасудан басқа ісі жоқ деп шулаған. Ал бұл наразылықты өзінің қаталдығымен түсіндіретін басшы бүгін де ашық сұхбат беруден бас тартты. Камераға сөйлемеймін деген діндар ешкімге қарыз емеспін дегенді есіктің артынан ғана айтып жатыр.

– Барлық уақытта біздің істеген әрекеттеріміз заңды боп шешілген. Ешқандай қаражат мәселесінде ондай болмаған біздің мекемеде.

 – Сонда сізге жала жауып тұр ма?

– Иә, бізге қожайын жала жауып тұр.

Өз қызметкерлерімен соттасқыш басшыны кеңсені жалға берушілер де былтырғы қарызды қайтаруын талап етіп, сотқа бермекші. Ашық әңгімеден қашқан Нұржан Тұрсынбайды өзінің басшылары, яғни дін істері басқармасындағылар да қызметіне сай еместігі жөнінде айтып, сотқа берген екен. Әуесқой порно-видео арқылы аты шыққан дінтанушының, ары кетсе, екі ай ішінде қызметінен қайта босатылуы ғажап емес.