Танымал қазақ журналисі Бибігүл Дәулетбақ Баян Алагөзованың продюсерлігімен түсірілген "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" телехикаясына бөлінген қаржының желге ұшқанын айтты. «Ел осы проблеманы талқылап жатқанда Алагөзова миллионды қалтаға басып, үрім-бұтағымен шетелге кетті» деп ашынды тілші.
«Уа, жамағат! "Қозы Көрпеш-Баян Сұлу" сериалын талдап, қырылыспай-ақ қойыңыздар! "Іс бітті, қу кетті" деп, Алагөздің Баяны әр сериядан 9 миллионнан алып, шетелге үрім-бұтағымен демалуға кетті. Онан да, Ерлан Қарин мырзадан "Продюсер Баян Алагөзова тарихи фильмге шашылған 54 лям-ды орынына қойсын!", – деп талап етейік! Мәселе – рөлді сомдаған артистің тәлпіштігінде емес. Желге ұшып кеткен сіз бен біздің ақшамызда болып отыр. Ол – бір. Екіншіден, тарихтан мақұрым продюсерге жабысып отырған басшыда», – деп сөз бастады журналист.
Дәулетбақ желге ұшқан ақшаға іші удай ашитынын айтты. Бұл проблема жабулы қазан күйінде қалмасын дейді ол.
"Қозы Көрпеш-Баян Сұлуды" фейсбукта жырлап отырғанымызда, Алагөздің Баяны 31- күні Ұлттық арнадан актерларды сүйістіріп қойды емес пе? Жаңа Жылдық "көгілдір от" концерттік шоуын көрдіңіз бе? Масқара! Ұлттық арна майшелпек болды ғой. Кім көрінген келіп, асап кетеді. Оны тексеріп жатқан ешкім жоқ. Қарин Сәтжанды жанына алды дегеннен-ақ шошыған едім. Түйсігім алдамапты. Қазақ тілін менсінбейтін орысқұлдар тарихты пысқырғаны бар ма? Неге осыны ойламады екен деп, кейде Дәурен Абаевқа да ренжимін», – деп жазады Дәулетбақ өзінің facebook-парақшасына.
Айта кетейік, күні кеше эстрада әншісі Меруерт Түсіпбаева да телехикаяға кеткен ақшаны Баян Алагөзова елге қайтарсын деп талап қойған болатын.
«Қазақстан» РТРК басшысы Ерлан Қарин да бұл туындының көрерменге қайта көрсетілмейтінін мәлімдеп отыр.
Баян Алагөзова болса, бұл проблемаға пысқырып та қарамады. Әдеттегідей, сабырлы қалпымен, түк болмағандай шетелге еңбек демалысына аттанды.
«Жақсы жұмыс жасадық! Енді жақсылап тынығайық. Керемет демалысымыз орталық әуежайда басталды. Жылы шырайлы қызметкерлер, дәмі тіл үйірер кофе», – деп жазды Алагөзова Instagram-парақшасына.