Атыраулық қос ғашық Әнел мен Марленнің махаббатын бүгінде білмейтін жан кемде-кем. Олар көпшілікке айнымас сезімнің биіктігін дәлелдеп, адалдықтың символы бола білді. Хәл үстінде жатқан сүйіктісін жарты жолда тастамай, керісінше, демеу болған Марленнің ерлігі – көпке үлгі. Енді олар заңды некелесіп, үйленуді жоспарлап отыр. Тек, Әнелдің алдағы күрделі операциясы сәтті өтсе болғаны.
Әнел бұл туралы өзінің Instagram-парақшасына жазды. Ол оқырмандарын өзіне тілекші болуға шақырып отыр.
«Ата-анам ешқашан балаларының басқа біреуден көмек сұрағанын қалаған адамдар емес. Бүгінге дейін алақан жайып, ешкімнен ақша сұрамадық та. Дегенмен, мен де құр жүрмей, табыс тапқым келеді. Қазір желіде түрлі нәрселерді жарнамалап, ақша тауып жүрмін. Жәрдемші болсам деймін отбасыма. Марлен де бір жағынан жұмыс істейді, екінші жағынан маған көмектеседі», – дейді Әнел өз жазбасында.
Ол алдағы жазда өзін үлкен сынақ күтіп тұрғанын, сол сынақтан да аман-есен өтетініне сенімді екенін жазды.
«Жазда тағы бір күрделі операция күтіп тұр. Жаратушы қиындықты тек көтере алатын пендесіне ғана береді дейді ғой. Бұл – сынақ. Міндетті түрде жеңіп шығамын. Әрине, бұйырса. Содан кейін сіздердің көкейлеріңіздегі «Қашан үйленесіңдер?» деген сұраққа «Операциядан кейін» деп жауап бере кетейін. Қыркүйек, қазан айында ұлан-асыр той жасаймыз», – деп ол әзірге қолдарына жүзік тағып, сөз байласқандарын жеткізді.