$ 448.15  483.46  4.86

Атырауда «сақалды діндарлар» ер адамды молаға апарып, 2 сағат бойы азаптаған

Атырауда дәстүрлі емес ислам ағымын ұстанатын екі ер адам жергілікті тұрғындардың бірін мәжбүрлеп молаға апарып, оны 2 сағат бойы ұрып-соққан. «Сақалды» діндарлар жәбірленушіден ақша талап еткен деп жазады ATPress.kz облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Полицейлердің мәліметінше, бұл оқиға 4 қаңтар күні болған. СМП-163 шағынауданында екі ер азамат көшедегі тұрғындардың бірін күштеп ВАЗ-2114 көлігіне отырғызып, оны қала іргесіндегі молаға алып кеткен. Онда олар жәбірленушіні 2 сағат бойы арматурамен ұрып, 600 мың теңге тауып беруін талап етіпті. Мұнан кейін оны қайта қалаға әкеліп, көшенің бойына тастап кеткен.

Жәбірленуші дереу полицияға арызданды. Шұғыл іздеу жұмыстары барысында күдіктілердің кім екені анықталған, олар - 1987 және 1990 жылғы, бұрын сотталған атыраулық тұрғындар екен. Екеуі де дәстүрлі емес ислам ағымын ұстанушылар.

Іздеу кезінде күдіктілердің Оңтүстік Қазақстан облысына пойызбен қашып кеткені де белгілі болды. Олар ел аумағынан шығып, Қырғызстанға кетуді жоспарлаған екен. Алайда, алдын алу шаралары барысында полицейлер өткен аптада күдіктілердің екеуін де Түркістан қаласынан ұстады.

Қазіргі таңда ұсталған азаматтар қамауға алынып, олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары