$ 494.87  520.65  4.91

Жамбыл тұрғыны "гелендвагенмен" қой қайырып жүр

Жамбыл облысында қарапайым қойшы «гелендвагенмен» қой қайырып жүр. Бір қызығы жол талғамайтын көлігі төрт емес үш-ақ дөңгелекті. Қойлы ауылдың ойлы-қырлы жолында бұл жүйрікке жетер көлік жоқ. Кәдімгі мотоциклді автокөлікке айналдырған Төлеген Жүсіпов «Ақ боз» атына «Қазақваген» атауын беріпті деп мәлімдейді 31 арна.

Бұл «Қазақвагеннің» «құлын» кезіндегі түрі.  Кейін жетілдіре келе кәдімгі көлікке айналған. Бет сұлбасы «гелендвагенге» ұқсап шыққан соң қазақ сөзін тели салыпты.

Төлегеннің туындысы еріксіз езу ұялатады. Шеберлігі таңдай қаққызады. Қажетсіз дүниені әжетке жаратыпты. Салонын сәндеп қана қоймай керек қондырғыларды орнатқан. Жарығы, ұялы телефонды қуаттайтын көзі, артқы көріністі көрсететін айнасы, қала берді ыстықта желдеткіші, суықта жылытатын тетігі бәрі-бәрі орнын тапқан. Өрісте іш пыстырмайтын үн таспасы, мал қайыруға үркітетін дабылына дейін бар. Аяққа тұрмаған қозыны қоржынға емес, арнайы орынға салуға да жағдай жасалған.

Төлегеннің арнайы білімі жоқ. Көлік құрастыруға жаңбырлы күні далада қалуы себеп болыпты. Малды жайғап қыстақтағы малшыларды атпен аралайтын Төлеген енді келіншегі екеуі жиын тойға домбырасын арқалап «Қазақвагенмен» барып жүр.

Жалағаш көл жайлауын жортып жүрген бұл қазақваген кәдімгі гелендвагеннен артық болмаса кем емес. Жанармайға үнемді, тіпті, жол талғамайтын көліктер өтпейтін өткелден еркін өтеді. Төбесіндегі қондырғы арқылы күн энергиясын қуат алып, жарығын жағып қараңғыдан жол табады төтеден. Қысқасы жаныңа керек бар жайлылық жасалған. Олай болса қыр асып кеткен қойды қайырып келейін.

 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары