17.01.2018, 12:27

Елбасы жоқта Ақорданың қақпасын қирата жаздаған кімдер? (ФОТО)

WhatsApp мессенджері арқылы Ақорданың есігін бұзып кірмек болған көліктің суреті тарап кетті. Фотоға тіркелген жазбада көліктің тізгінінде спирттік ішімдікке тойып алған полицейдің болғаны айтылады.

"17.01.2018ж. сағат 3:20 шамасында Астана қалалық ІІД ӘПБ жеке мамандандырылған батальонының инспекторы мас күйде мемлекеттік номеры 420 ULA 01 «Порш Кайен» автокөлігін тізгіндей отырып, «Ақ орда» резиденциясының қоршауына барып соқтығысты (Достық көшесі жағынан). Жол көлік оқиғасы кезінде көліктің салонында Астана қалалық ІІД ӘПБ жеке мамандандырылған батальонының командирі (көліктің иесі) де болған. Ол оқиға орнынан қашып кетті. Астана қалалық ІІД Ішкі қауіпсіздік басқармасы қызметтік тексеру жүргізуде", - делінген аталған хабарламада.

Бұл жайтқа қатысты ішкі істер органдары әлі мәлімдеме таратқан жоқ.

Айта кетейік, қазіргі таңда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-та жұмыс сапарымен жүр. Мемлекет басшысы елге 18 қаңтар күні оралады деп күтілуде.