18.01.2018, 10:45

Жол жетпей ме?: Күйеуімді екі адам пышақтап, өлтіріп кетті

Астанада жолға таласқандар 30 жастағы жігітті пышақтап, өлтіріп кетті деп мәлімдейді “Алматы” арнасы.

Саяхат Сабдраймов Астанада жалданып жұмыс істеген. Сол күні көлігін жөндетіп, Тараздағы анасының үйіне бармақ болыпты.

Барар жолда жатақханада дау шыққан. Олар әуелі көлік жолына таласып, келіспей қалады. Кейін келіспей қалған жігіттер Сабдраймовты үйіне іздеп барып, бірнеше адамның көзінше дәлізде пышақтап тастаған. Ауыр жарақаттан 30 жастағы жігіт қаза тапты.

Күдіктілер көп ұзамай ұсталды. Қазір полицейлер оларды тергеп жатыр.

– Күйеуімді екі адам пышақтап кетті. Оқиға күндізгі уақытта болыпты.  Олар үйге келіп, Саяхатты соққыға жығады. Кейін, кеуде тұсына 3 рет пышақ сұққан. Жауыздарды қатаң жазалауды өтінемін. Ондай адамдар жер басып жүрмеуі керек, – деді марқұмның әйелі Тамара Гурина.

Марқұмның туыстары «ұсталған адамдардың жақындары қазірдің өзінде бізге қысым көрсетіп жатыр», – дейді.

– Олар анау жақта отырып алып, ақшамен сатып аламыз. Сотқа дейін үйімізде жатамыз, деп отырған шығар. Ол не деген сұмдық? Адам өліп жатыр. Олар әдейі үйге келіп, пышақпен өлтіріп жатыр. Бір рет емес, үш рет жүректен қадап өлтірген адамды қалай ақшамен шығарып алуға болады? – деді марқұмның әпкесі Динара Сабдраимова.

Айтуларынша, оқиғаны көзбен көрген жандарға да тіс жармауды бұйырған. Қоқан-лоқыдан әбден шошынып қалған куәгерлер енді жақ ашудан тартынып отыр.

– Сарыарқа аудандық ішкі істер басқармасындағы Рома есімді тергеуші бізге айыптылардың тарапынан қысым болатынын, қарсы түсініктеме бермеуімізді ескертті. Әйтпесе, бізге қауіп төнетіндерін жеткізді, – деді Куәгер Павел Малых.

– Осы дерек бойынша қазіргі таңда ҚР ҚК 2 бабымен, яғни кісі өлтіру және бұзақылық бабатарымен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер із суытпай қолға түсіп, қамалды, – деді Астана қаласы ІІД ресми өкілі Софья Қылышбекова.

Қапыда көз жұмған жігіт кеше Таразда жерленді. Қаралы отбасы «полицейлерден қайыр болмаса, жоғарғы сотқа дейін шағымданамыз», – дейді.

Марқұмның артында жары мен 5 жасар ұлы қалды.