Алматы облысында мектеп оқушысын зорлады деген күдікпен 22 жастағы ер жігіт ұсталды. Бұл туралы облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі хабарлап отыр.
Полицияның мәліметінше, ішкі істер бөліміне 18 қаңтарда жәбірленген қыздың анасы арызданып келген. Ол өзінің 12 жасар қызын белгісіз ер адамның зорлап кеткендігі туралы айтқан.
«Дер кезінде қолға алынған шұғыл іздестіру жұмыстарының нәтижесінде араға бірнеше сағат салып күдіктінің кім екені анықталды және ол ұсталды. Қазіргі таңда жеткіншекті зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», — дейді облыстық ІІД-нің баспасөз қызметіндегілер.
Анықталғандай, күдікті 1996 жылы туған жергілікті тұрғын екен. Ол ауылдағы қонақ үйден алдын ала бөлме жалдап, ол жерге 6-сыныпта оқитын қызды алдап әкеліп зорлапты.
«Күдікті өз сөзінде қыздың жасы үлкен екен деп ойлағанын, оның үстіне жыныстық қатынасқа ол өз еркімен түскенін айтып отыр. Алайда, жәбірленген тарап басқаша айтты», — дейді полицейлер.