Астана қалалық Білім басқармасының ресми сайтындағы шағын ғана хабарлама әлеуметтік желі қолданушыларының күлкісін әрі ашуын туғызды. Небәрі он шақты сөзден тұратын сөйлемді басқармадағылар қазақшаға дұрыстап аудара алмапты.
«29.01.2018 жылы ауа райының колайсыздығына байланысты қала мектептерінің ПЕРВОЙ ауысымындағы 0-4 сынып оқушылары үшін сабақ болмайды», - делінген аталған хабарламада.
Желі қолданушылары «Білім басқармасындағылардың сауаты осындай болса, өзге шенеуніктерден не күтуге болады» деген сыңайда пікірлерін білдіруде.
Айта кетейік, соңғы бір аптадан бері астаналық оқушылар мектеп бетін көрген жоқ. Күннің тым суып кетуі салдарынан мектеп оқушылары мен колледж студенттері, ЖОО-ның алғашқы курс студенттері сабаққа баруын уақытша тоқтатқан.