$ 494.87  520.65  4.91

Астанадағы «Абу-Даби Плазадан» шетелдіктер емес, тек 400-дей қазақ қана жұмыстан шығарылған

Астанадағы «Абу-Даби Плаза» кешенінің құрылысына қатысты тағы дау шықты. Бұл жолы елордадағы ең биік ғимаратты салып жатқан 400-ге жуық адам бір күнде жұмыссыз қалған. Құрылыс компаниялары алдын ала ескерту жасамапты. Және өтемақы төлемейтіндерін ашық айтқан. Алайда, жұмысшылар «кет» дегенге, кете салайын деп отырған жоқ. Бір-бір үйді асырап жүрген азаматтар Еңбек кодексі бойынша өз құқықтарын талап етуге кірісті деп мәлімдеді КТК телеарнасы.

Қазіргі таңда осы 400-дей жұмысшы бірнеше топқа бөлініп, бірі прокуратураның, бірі полицияның, өзгелері партиялардың табалдырығын тоздырып жүр. «Абу-Даби Плазаның» іргетасынан бастап қабырғасына дейін қалаған азаматтар қай жерде жаза басқандарын да білмейді. Әрбірі осындағы жұмысымен бір-бір отбасын асырап отыр.

Жұмысшылардың айтуынша, оларға құрылыс компаниялары еш ескерту жасамаған. Басшылары өз еріктеріңмен орындарыңды босатыңдар деп қысқа қайырыпты. Көнбегенді, Еңбек кодексімен қудалаймыз деп қорқытатын көрінеді.

«Ештеңе бермейміз, сендер 49-баппен жұмыстан шығарамыз жұмыс бітті дейді. Жұмыс біткен жоқ, барып көріңіздер. Абу Даби сол күйде тұр, 40-50 пайыз бітсе біткен шығар. Онда шетелдіктер тып-тыныш жұмыс істеп жатыр. Тек қазақтарды ғана жұмыстан шығарған», - дейді Мұхтар Қалдыбек есімді жұмысшы.

Абу Дабиге кіндігі байланып қалған ешкім жоқ. Жұмысшылар тек заң бойынша өздеріне тиесілі өтемақаны талап етіп отыр. Ал, әркімнің жалақысы еткен еңбегіне қарай әртүрлі. 200 мың теңгеден бастап 300 мыңға дейін жетеді екен.

Бұл азаматтарды отандық төрт құрылыс компаниясы жұмысқа алған. Демек, Еңбек туралы кодекстің талаптарын бұзып отырған да жергілікті мекемелер. Онда жұмысшылардың жанайқайына құлақ асатын ешкім болмаған соң, құрылысшылар «Нұр Отаннан» араша түсуді сұрап келген еді, билік партиясындағылардың жауабы мынадай болды:

«Біз құрылыс компанияларының өкілдерін шақырып, әкімдіктегі әріптестерімізбен бірге сөйлесеміз. Егер сіздер айтқандай, шынында да қаншама адамды жұмыстан негізсіз шығарса, мәселені шешеуге көмектесеміз», - дейді «Нұр Отан» партиясы Астана қаласы бойынша филиалы төрағасының орынбасары Владислав Сергеев.

Еске салайық, былтыр осы кешенді салып жатқан қазақтар мен үнді жұмысшыларының арасында төбелес шығып, бірнеше азамат жараланған болатын. Жергілікті билік пен полиция төбелестің ұлттық сипатта емес екенін, тек тұрмыстық текетірестен туындаған деп мәлімдеген еді.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары