Әлеуметтік желілер арқылы тараған келін түсіру видеосы көпшіліктің қызу талқысына түсті. Онда жап-жас жігіттің «егде тартқан» әйелге үйленіп жатқан сәті түсірілген.
Оқиға Қазақстан қалаларының бірінде болғаны анық, өйткені жігіттің туыстары жаңа түскен келіннің басына ақ жаулық жауып, домбырамен ән шырқап, қазақы ырыммен босағадан өткізді.
WhatsApp мессенджері және ВКонтакте әлеуметтік желісі арқылы тараған видеороликте жігіттің 35 жаста, қалыңдықтың 65 жаста екені жазылған. Алайда, желі қолданушылары бұл жайтқа сене алар емес. Көпшілік жаңа түскен келіннің ешқандай да кәрі емес екенін, тек бейнекамераға сәтсіз түсіп қалғанын жазуда. Оның үстіне, қалыңдықтың беті ақ жаулықпен жабылғандықтан оның түрін анықтап көру мүмкін де емес.
Сондықтан мұндай жеке бастың ар-намысына тиетін жазбалар таратуға болмайды дейді желі қолданушылары. Олар сондай-ақ, жас жұбайларға бақыт, ұзақ және бақытты ғұмыр да тіледі.