$ 494.87  520.65  4.91

Қызылорда облысында төтенше жағдай жарияланды

Қызылорда облысының Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланды. Өзен арнасынан асып, су ауыл шаруашылығы алқаптарына жайылды. Алдын алу жұмыстарының күшейтілгеніне қарамастан, Қалжан ахун ауылы маңындағы қорғаныс бөгеті жарылған деп мәлімдейді astanatv.kz

Мамандардың айтуынша, қазір Сырдарияға жоғарыдан секундына 400 текшеметр су құйылып жатыр, бұл қауіпті емес.  

Қорғаныс бөгетін су жеті жерден жырып өткен. Қазір Қалжан ахун ауылынан бес жарым шақырым жерде. Су екі мың гектардан астам жерді басты. Оның 500 гектары — күріш алқабы. Осыған орай Сырдария ауданында төтенше жағдай жарияланған. 

Өзен суы бөгетті 29 қаңтарда жеті жерден жарып өткен. Қауіпті аймақтан бүгінде барлық мал шығарылған. 60 адам 16 арнайы техникамен апатпен күресіп жатыр. Десе де 1300 метр бұзылған жерді жамау әлі күнге дейін мүмкін болмай тұр. Мамандар мұз бөгеттің жамалған жерлерін қайта бұзып, әбігерге салып жатқанын айтады. 

"Аудан бойынша төтенше жағдай жарияланып, облыс әкімі бұл мәселе бойынша төтенше жағдайлар комиссиясын өткізді. Облыс бойынша 1274 шақырым Дария өзені бойында орналасса, соның 1 111 километрінде қазір мұз бар. 20 сантимерден 60 сантимерге дейін мұз тұр. Осы кептеліс тудыртып жатыр. Артық су көтеріліп, облыс бойынша су жайылып жатқаны рас", — дейді  Қызылорда облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Ғабит Жаңабаев.

Дегенмен, жергілікті атқамінерлер бөгетті 2-3 күнде қалпына келтіреміз деп отыр. Көктемде егістік алқаптардан суды айдап шықпақшы. Облыс жоғары дайындық тәртібіне көшті. Қазір шығын келмейтіндей жұмыс жасалып жатыр.  

Ал синоптиктер ауа райы күн сайына жылына түсетінін болжап отыр. Алдағы демалыс күндері тіпті ауа температурасы 0 градус болмақ.  

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары