26 сәуір күні ҚР Президенттігіне кезектен тыс сайлау науқанында Маңғыстау халқы зор үлес қосты. Таяуда осыған орай «Нұр Отан» партиясының Төрағасы – Елбасымыздың сайлау кезінде құрылған қоғамдық штабтың белсенділері жоғарғы марапат – Президенттің алғыс хатына ие болды.
Марапаттау рәсімі «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Халила Нұрғалиеваның құттықтау сөзімен ашылды:
− Штаб құрамына облыстық, қалалық, аудандық партия филиалдарының аппараты мен өңірімізге белгілі азаматтар енгізілді. Сайлау науқаны жоғары деңгейде өтуі үшін партия ардагерлері де, «Жас Отан» жастар қанаты да белсенділік танытты. ҚР Президенті сіздердің сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына қосқан зор үлестеріңіз үшін ризашылығын білдіріп, алғыс жариялады. Аймағымызға 230 адамға, 40 мекемеге Елбасының алғысы жіберілді. Маған осы жоғарғы марапатты табыстау құрметі бұйырып отыр,-деген Х.Нұрғалиева сайлау науқанына белсене атсалысқан 38 адамды марапаттап шықты.
Елбасының алғысына бөленгендердің қатарына қоғамдық штаб мүшелері, сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына белсенді атсалысқан адамдар және еріктілер ілінді. Жүздері бал-бұл жайнаған олар тарихи сәттің бір бөлшегі болғанына мақтаныш білдіретінін және мемлекеттің өркендеуіне қалтқысыз қызмет ететінін атап өтті. Х.Хабижанқызы өз кезегінде «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімінің ризашылығын жеткізіп, алдағы уақытта қоғамдық штабтардың жұмысы қайта басталатынын айтты. Сондай-ақ партия құрылғалы бері қызмет еткен Ұлболсын Жүзбайқызына жаңа партия билетін табыстап, партия ардагерлеріне ерекше ықыласын білдірді. Сайлау науқанында насихат жұмыстарын белсенді атқарғандар - «Маңғыстау-Медиа» ЖШС директор орынбасары Әбдіғалым Сәркенов, «Қоғамдық келісім» КММ директоры Амангүл Жайылханова, «Облыстық жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Ерғали Әнесов және т.б. естелік суретке түсіп, қуаныштарымен бөлісті.
− Елбасымыздың алғыс хатын алғаныма шексіз қуаныштымын. Бұл тарихи сәтте, елімізге маңызды уақытта халық таңдауы – Президент Н.Назарбаевқа түсті. Баршамыз ел ертеңіне сенімді қарап, болашағымызды Елбасы қолына тапсырдық. Жастардың білім, спорт, мәдениет және тағы басқа салаларда өзін дамытып, толағай табыстарға жетуіне, әлемнің үздік жоғары оқу орындарында білім алуына, тәжірибе алмасуына, таңдаған мамандығының майталманына айналуына Президентіміздің еңбегі зор. Сондықтан жастар өз көшбасшысына сенеді,-деді «Облыстық жастар ресурстық орталығы» директорының міндетін атқарушы Ерғали Анесов.