$ 494.87  520.65  4.91

«Қарабет болғым келмейді»: Алматыда жүкті боп қалған студент сәбиін 700 мың теңгеге сатпақшы

Алматыда 19 жастағы студент қыз байқаусызда жүкті боп қалып, енді әлі дүниеге келмеген сәбиін сатқалы жатыр. Бұл туралы «NewTimes.kz» порталы жазды.

«Мен өзім әлі баламын. Маған бұл бала керек емес. Тіпті, керек болған жағдайдың өзінде мен оны өзімде алып қала алмаймын. Қарабет болудан қорқамын, біздің менталитетті білесіздер», — дейді бойжеткен тілшіге берген сұхбатында.

Өзінің болашақ сәбиіне ата-ана іздеген студенттің жарнамасы VK әлеуметтік желісіндегі «Кто хочет отдать/взять ребенка на усыновление» тобында жарияланған.

«Мен жүктіліктің жетінші айындамын. Өзімнің сәбиім үшін ата-ана іздеймін. Ешқандай проблема болмайды, нотариус арқылы құжат рәсімдеп, баладан бас тартамын. Мен студентпін, баланы асырай алмаймын. Ол ұл бала. Денсаулығы жақсы. Басты талабым — молшылықта, махаббатта өмір сүрсе жеткілікті», — делінген аталған жарнаманың мәтінінде.

«NewTimes.kz» тілшісі клиент ретінде аталған бойжеткенмен хабарласып, оның жағдайынан толықтай хабардар болды. Қыздың есімі Мөлдір, жасы 19-да екен.

Өзінің айтуынша, оны жүкті қылған жігіт үйленуден де, баладан да бірден бас тартыпты. Күйзеліске түскен өрімдей қыз мұнан кейін баланы сатуға шешім шығарған.

«Мен студентпін, келер жылы да оқуымды жалғастырғым келеді. Маған бұл бала керек емес. Өзіме алып қалсам ертең туған-туыстардың, таныстардың алдында қарабет боламын. Сондықтан, сәбиді сатып жатырмын», — деп түсіндірді ол өз жағдайын.

Жуырда ғана Мөлдір дәрігерге көрініп, баларның денсаулығын тексертіпті. «Шарананың жағдайы жақсы. Оны өлтіргім келмейді, сондықтан аборт жасатпадым», — деп ағынан жарылды студент қыз.

Баланы сәбилер үйіне өткізу туралы ой оның басына әлі келмеген екен. Бірақ, босана салысымен перзентхананың өзінде баладан бас тартатыны туралы қолхат жазып қалдырмақшы. Ал, сәбиді не үшін сатқалы жатқанын айтқысы келмеген бойжеткен артынша журналиске өзі хабарласып, мән-жайды түсіндіріпті.

«Мен баланы сатпаймын. Тек оған жақсы ата-ана тапқым келеді. Олар менің босануыма кететін шығынымды, үш айлық пәтерімнің ақысын, ас-ауқатымды төлеп беруі керек. Бұл шамамен 700 мың теңгені құрайды. Қазір әпкемнің үйінде тұрып жатырмын. Бұдан әрі онымен бірге тұра алмаймын. Егер өзге қалаға көшу керек болса оған да дайынмын», ― дейді Мөлдір.

Оның айтуынша, бүгінге дейін 5 ата-ана хабарласып, түрлі ұсыныстарын айтқан. Арасында Ресей азаматтары да бар екен. Олар бойжеткенге қомақты қаражат ұсынған. Қазір Мөлдір баласын кімге беретінін ойланып жатқан көрінеді.

Заңгерлер болса бұл оқиға екі түрлі желімен өрбуі мүмкін екенін айтып отыр. Алғашқысы - қылмыстық жауапкершілік. Мөлдір баласын сатқан жағдайда ҚР Қылмыстық кодексінің 133-бабы бойынша сотталуы мүмкін. Екіншісі - баладан заңды түрде бас тартып, ақысыз өзге отбасына беруі керек.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары