Бұрындары Шымкентте қандай да бір қылмыс немесе оқыс оқиғалар болып жатса жұрт «не шықса да Шымкенттен шығады» деп қысқа қайыратын. Қазір халықтың көзқарасы мен түсінігі өзгерген, бұл сөзді тек жағымды жаңалықтарға ғана қолданатын болып жүр.
Мәселен, Шымкентте әр аптаның жұмасында кейбір қоғамдық көліктер қала тұрғындарын тегін тасымалдайды. Ешқандай да маркетинг емес. Жүргізушілер осылайша сауап жинаймыз дейді.
Шымкентте автобустардың жолаушыларды тегін тасымалдауы алғаш рет емес және жергілікті тұрғындар үшін бұл жаңалық та емес. Өйткені, жыл сайын рамазан айында кәсіпкерлер автобустарға бір айлық табысын өз қалталарынан төлеп, халыққа тегін жұмыс істетеді. Бұл да жарнама үшін емес, тек сауап жинау үшін.
Сондай-ақ, ораза кезінде кешкі намаздан кейін кейбір такси жүргізушілері де мешіттен шыққан жамағатты тегін тасымалдайды.