Қырғызстандағы Баткен облысы Қадамжай ауданының тұрғындары алтын кенін өндіруге келген қытайларды жаппай елдеріне қайтаруды талап етті. Наразылық акциясы түсірілген видео әлеуметтік желілер арқылы тарауда.
Наразылық шеруіне шыққандардың дені қарт кісілер. Олар қытайдың қырғызға зияны тиетінін айтып, қазірден бастап сақтанудың қамына кірісіп жатыр екен.«Біз жерімізді бермейміз. Кетсін! Үкімет бізге жәрдемақы да төлемейді. Өз күнімізді өзіміз көріп отырғандармыз. Мал бағып, егінмен айналысып жүрміз. Қытайлар кетсін жерімізден. Олардан зарардан басқа ештеңе келмейді бізге», – деді жиналғандар.
Жиналған жұртты басуға оппозиционер Адахан Мадумаров келіп, сөз сөйледі.
«Шумен ешқашан шеше алмаймыз. Осындай кең жеріміздің тағдырын жападан жалғыз шеше алмаймыз. Осы жағдайды естіп, 10-15 минутта жеттім сіздерге. Біз бұған дейін де алтынсыз өмір сүріп келгенбіз. Бұдан кейін де алтынсыз сүре береміз», – деді «Келіспеймін» оппозициялық қозғалысының жетекшісі Адахан Мадумаров.
Әзірге ел үкіметі бұл жағдайға байланысты ешқандай пікір білдірген жоқ.