Непалда іздеу-құтқару жұмыстары 5 қазанда ресми түрде аяқталды.
Непал мен Тибеттегі табиғи апаттан кейін хабар-ошарсыз кеткен үш қазақстандықтың біреуі Қазақстан аумағынан табылды. Оның осы уақыт бойы елде болғаны анықталды. Ал қалған екі әйелдің тағдыры әзірге белгісіз, деп хабарлайды Sn.kz ақпарат порталы.
ҚР Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, бұған дейін Непалда екі қазақстандық турист, ал Қытайдың Тибет автономиялық ауданында тағы бір әйел жоғалғандар тізіміне енгізілген. Непалда болуы ықтимал әйелдердің бірімен байланыс орнатылған.
СІМ ресми өкілі Жанболат Үсеновтің айтуынша, қазіргі уақытта тағы екі қазақстандықтың қайда екені анықталмаған. Оларды сәйкестендіру мақсатында туыстары Непал мен Қытайдың тиісті органдарының талаптарына сәйкес ДНҚ сараптамасына биологиялық үлгілер тапсырған.
Непалда іздеу-құтқару жұмыстары 5 қазанда ресми түрде аяқталды. Қазір табиғи апаттан зардап шеккен аумақтарда қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Табылған мәйіттер мен жеке заттар сәйкестендіру үшін тиісті органдарға берілуде.
Ал Қытайдың Тибет автономиялық ауданындағы апаттан қатты зардап шеккен Гьиронг уезінде іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Қытай тарапы да қаза тапқандардың жеке басын анықтау үшін генетикалық сараптама жүргізуде.
Қазақстандық дипломаттар жоғалған азаматтардың туыстарымен тұрақты байланыста болып, қажетті көмек көрсетіп жатыр.
Еске салайық, бұған дейін Непал мен Қытай шекарасында болған алапат су тасқынынан кейін жүздеген туристің хабар-ошарсыз кеткені туралы ақпарат тараған еді.