Қаңтар айында Ақтөбе облысының аумағында өртенген автобус жолда бұзылған деп хабарлады Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов. Депутат сауалына жауап берген Қасымов тергеу барысында автобустың Шымкент – Самара күре жолының 1068-километрінде істен шыққаны анықталғанын айтты.
«Жүргізушілер бұл жайында төтенше жағдайлар қызметіне хабарламастан, жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етпей, автобус салонын ашық жанатын бензин құралымен қыздыра бастаған. Абайсызда бензин төгіліп, өрт шыққан» деді Қасымов.
18 қаңтар күні сағат 10:30-да Ақтөбе облысының Ырғыз ауданы Қалыбай ауылынан 10 километр қашықтықта Шымкент – Самара жолында жолаушылар автобусы өртеніп, Өзбекстанның 52 азаматы қаза тапқан. Автобуста барлығы 57 адам – 54 жолаушы мен екі жүргізуші болған. Екі жолаушы мен үш жүргізуші аман қалған.
Қайғылы оқиғаның мән-жайын толық және жан-жақты тексеру үшін Қылмыстық кодекстің 345 бабы 4-бөлімі («Абайсызда екі немесе одан көп адамның өліміне әкеліп соқтырған жол немесе көлік құралын пайдалану ережесін бұзу») және 348-бабының 4-бөлімі («Көлiк құралдарын сапасыз жөндеу немесе оларды техникалық ақауларымен пайдалануға шығару») бойынша іс қозғалған. Өртенген автобустың аман қалған үш жүргізушісі 24 қаңтар күні қамауға алынған.