$ 494.87  520.65  4.91

ОҚО әкімдігі биыл Алғыс айту күнін 10 күн бойы тойламақ

Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Ж.Түймебаевтың бастамасымен өңірде биыл 1 наурыз – Алғыс айту күні ретінде аталып өтпек. Жаңа мазмұнда өткізілетін мерекелік шаралар оңтүстікте 20 ақпаннан басталып, 1 наурызға дейін 10 күн бойы жалғасады. Бүгін бұл туралы ОҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс әкімі аппараты ассамблея хатшылығының меңгерушісі Мұратәлі Қалмұратов мәлім етті.

Оның айтуынша, елді бірлікке үндейтін мерекенің түпкі мәні – кезінде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған этнос өкілдерінің мемлекет құраушы ұлтқа алғыс айтуын көздейді. Он күндік мерекені жер-жерлерде ұйымдастыру мен өткізудің тұжырымдамасы әзірленіп, әр күнге арнайы атаулар берілген.

«20 ақпан – Тарихқа тағзым күні деп белгіленді. Бұл күні облыста, аудан, қала орталықтарында қуғын-сүргін жылдары Қазақстанға тағдыр тәлкегімен қоныс аударған этностардың өткені мен бүгіні туралы арнайы көрме өткізіледі. Сондай-ақ, Шымкенттегі «Қазақ еліне мың алғыс» монументі алдында арнайы іс-шара ұйымдастырылып, тарихқа тағзым жасалады», - деді Мұратәлі Оразалыұлы.

Сонымен қатар, 21 ақпан – Қайырымдылық күнінде облыс аумағында «Жан жылуы» тақырыбында акция ұйымдастырылып, жалғызбасты және әлеуметтік тұрғыда аз қамтылған отбасыларға көмек беріледі. 22 ақпан – Шабыт күнінде «Ынтымағы жарасқан Қазақстан» тақырыбында өңірдегі қолөнер бұйымдары мен шығармашылық өнер туындылары көрмесі ұйымдастырылмақ.

Бұдан бөлек, 23 ақпан – Көршіге ізет, 25 ақпан – Құрмет, 26 ақпан – Өлкетану, 27 ақпан – Келісім, 28 ақпан – Ықылас, 1 наурыз – Алғыс айту күні деп белгіленіп, әр күндері атауына сай шаралар өтетін болады.

Айта кетерлігі, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы өңірде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырып келеді. Өңір тұрғындарының ұлттық құрамы бойынша 72,9 пайызын - қазақтар, 16,8 пайызын - өзбектер, 4,5 пайызын - орыстар, ал 5,7 пайызын - өзге этностар құрайды. Облыста қалыптасқан этносаралық ахуалды саралау мақсатында социологиялық зерттеулер жүргізіліп келеді.

Сонымен қатар, медиация институтын нығайтуда өңірдегі 57 кәсіби және 485 кәсіби емес медиатормен байланыс орнатылған. Өткен жылы облыс бойынша медиация рәсімімен шешілген 8 мыңнан астам даудың 84 пайызы медиаторлардың араласуымен реттеліп, 2016 жылмен салыстырғанда көрсеткіш 2 есе артып отыр.

Алдағы уақытта Оңтүстік Қазақстан облысының толыққанды жаңарған этнокартасы дайындалып, өңірдегі ассамблея қызметі туралы кітап әзірленетін болады. Сондай-ақ, биыл 5 аудан, қала аумағында «Достық» үйлері ашылады. Облыс басшысының тапсырмасына сәйкес, «Әр этностың бренді» жобасы аясында ассамблея алаңында тұрақты шеберлік дәрістері мен ашық көрмелер ұйымдастырылмақ.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары