Жаңа технология мен гаджет қаптаған мына заманда кітапқа орын бар ма? Көпшілік айтып жүргендей қазіргі адамдардың араласу салтын, кітап оқу үлгісін телефон алмастырды деп жүргендері рас па? Астана әкімдігі сайтының тілшісі «Орталық кітапхана жүйесі» КММ филиалы болып табылатын № 12 отбасылық кітапханаға барып, қазіргі заманауи тұрғындардың талғамымен танысып, кітаптың адам өміріне өзгеріс әкеліп жатқанының куәсі болып қайтты.
Қаланың қақ ортасындағы бұл ескі отбасылық кітапханаға 40 жыл болған, яғни сонау 1974 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 100 метр шаршы алаңы бар кітапханада 23 мың кітап бар.
Кітапханаға көбіне зейнеткерлер мен мектеп оқушылары келеді. Біз көбіне кітапхана қызметкерлеріне интернет дәуірінде адамдар кітап оқи ма дегенді сауалды бірінші қоямыз. Филиалдың жетекшісі, 13 жылдық еңбек өтілі бар Шынар Өстенбекова кітапқа деген қызығушылықтың жоғалмағанын, тек талғамның ғана өзгергенін айтады.
Әрине басты орында сол баяғы классика тұр. Романдар, детективтер оқылады, әсіресе балалар шытырман оқиғалы детектив оқығанды жаны сүйеді. Алайда сонымен қатар, трендке психологиялық кітаптар мен бизнесті қалай жүргізу керектігі туралы кітаптар да енген. Шынар ханым кейбір әйелдердің Ник Вуйчичтің кітабын оқығаннан кейін жылайтынын, ал ерлер жағы Роберт Кийосакидің кітабынан соң бизнесін бастап кеткен жайттарды да мысалға келтірді.
«Бізде тұрақты оқырмандар бар, олар ұзақ жылдар бойы кітапханамыздан көптеген қызықты, пайдалы дүниелер ала білді. Ең үлкен оқырманымыздың жасы 75-те, ең кішкентайы – 5 жаста. Кітапты үйінде оқуға береміз, көбіне қайтарып жатады. Кейбір кітаптарға бір ай бұрын кезекке тұрады, демек адамдарды кітапханаға келуді қойды деу дұрыс емес», – дейді Шынар Өстенбекова.
Кітап адам өмірін өзгертеді. Оның жарқын мысалы – Светлана Айтбайқызы Лазутова. Бүгінде ол әрбір бос минутын кітап оқуға арнайды. Себебі, осыдан он жыл бұрын ол оқыған ертегі кітаптың бір ғана беті, оның өмірін 180 градус арнаға өзгерткен.
«Инсульт алып, беттегі жүйке талшықтарым невритке ұшырады. Психологиялық тұрғыдан бұл маған өте ауыр тиді, себебі бет-жүзім қисайып кеткен, аузым құлағыма жететін. Қатты күйзеліске түстім. Психологтар да көмек қолын созды. Сөйлеген кезде де кішкене ауытқушылықтар байқалды. Сол кезде маған дәрігер «Қар ханшайымы» атты ертегінің ең бірінші бетін оқы деп айтты. Мен қызыммен тұратынмын, ол кітапханаға барып, кітапты алып келді. Оқып шықтым, құдай куә, сол сәттен бастап өмірге басқаша көзқараспен қарай бастадым. Барлық нәрсенің тек қана күңгірт жағын көруді тоқтаттым. Өмірімде тек қана жарқын сәттерді таңдап, адамдардың жақсы жағын көре бастадым. Тіпті өз туысқандарымның да өмірде қалай бар, сол күйлерінде қабылдай бастадым, бұл маған қатты көмектесті», – деді Светлана Айтбайқызы.
Луи Пастер 73 көшесінде орналасқан кішігірім кітапхана 18 мыңнан астам оқырманға қызмет көрсетеді. Бұл цифр кез келген әлеуметтік желінің қолданушыларымен салыстырғанда әрине аз. Десе де, кітапханашылар бұл жұмыстың тоқтап қалмайтынына сенімді. Себебі бірде бір компьютер адам өмірін өзгерте алатын кітапты алмастыра алмасы анық.