03.03.2018, 12:03

Ақтөбеде мектепке орамалмен келген оқушылардың ата-аналарына тағы да айыппұл салынды

Ақтөбеде мектепке орамалмен баратын оқушылардың ата-аналарына айыппұл салынды. Қазіргі кезде 44 оқушы орамал тартып жүр.  

Ақтөбе қаласының білім бөлімі дін жолындағы ата-аналармен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Олар Білім және ғылым министрлігінің «Орта білім беру ұйымдары үшін міндетті мектеп формасына қойылатын талаптарды бекіту туралы» бұйрығына сүйеніп, мектеп формасын сақтамаған оқушылардың ата-аналарына айыппұл салды.

«Балалары № 40, 49, 13, 36, 62, 23, 8, 60 және 48 орта мектептерде білім алатын ата-аналар директорларды сотқа берді. Олар арызда «баламды мектепке кіргізбеді» деп жазған. Бірақ Ақтөбе қалалық соты мектеп директорларының әрекетін заңсыз деп тану туралы арыздарын қанағаттандырусыз қалдырды. Білім саласын бақылау департаментінде қазіргі таңда 17 құжат тексеру үстінде. Барлығы 6 құжат бойынша хаттама толтырылып, ата-аналарға ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 409-бабы 2-тармақшасы бойынша әкімшілік жаза қолданып, айыппұл салынды», – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев үш ай ішінде бұл дауды шешіп, мектептегі орамал мәселесін түбегейлі жоюды тапсырған болатын. Ақтөбе қаласы бойынша барлығы 179 оқушы мектепке орамалмен барды. Кездесу, түсіндіру жұмыстарынан соң 111 оқушы қыз орамалын мектеп формасына ауыстырып, 21 оқушы қыз отбасылық жағдайларына байланысты басқа облыстардағы мектептерге ауыстырылды. Ал бір оқушы денсаулық жағдайына байланысты үйде білім алып жүр. Екеуі ұзақ мерзімге емделуге жіберілді.

Қазіргі кезде Ақтөбе қаласындағы білім беру ұйымдарында 44 оқушы орамал тағып жүр.

Дереккөз: ҚазАқпарат