Облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернатының 10-сынып оқушысы Мирас Шакрат оң жақ рульді автокөліктерге арналған құрылғы жасап шығарды деп жазады pavlodarnews.kz.
С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің коворкинг-орталығында Startup Weekends бизнес-идеяларының аймақтық кезеңі өтті.
«Студенттер мен магистрлардың арасында біздің оқушыларымыз Мирас Шакрат және Бауыржан Қапенов өз жобаларын қорғап шықты», – дейді облыстық көп салалы дарынды балаларға арналған лицей-интернаты директорының орынбасары Гүлнар Нұрғазина.
Мирас Megamozg (қауіпсіз жүргізу) жобасын таныстырды. Ол оң жақ рульді автокөліктерге арналған құрылғы ойлап тапты. Датчик арқылы басқа көліктің қарама-қарсы жолда келе жатқандығы көрсетіледі. Аталмыш құрылғыға қазылар жоғары баға берді. Сонымен қатар Бауыржан «Өз мамандығыңды таңда» атты сайттың прототипін қорғады. Түлектер мен оқушыларға арналған жоба көпшіліктің қызығушылығын тудырды. ҚР түлектерінің 92 пайызы онлайн-сараптама нәтижесінде осы сайттың пайдалы екендігін айтты.
Мамандардың бұл жобаларға берген жоғары бағасы Мирас пен Бауыржанның «Менің арманым» конкурсының республикалық кезеңіне өтуге мүмкіндік берді.
«Дарынды оқушыларымыз адамзаттың мәселелерін шешу мен болашақ үшін еңбектенуге дайын екенін айтып жатыр», – дейді Гүлнар Нұрғазина.
Мирас пен Бауыржанның жобалары авторлық болып табылады. Біз оларға қашан да қолдау беруге дайынбыз. Мирас бизнес-идеясының авторлық құқығын тіркеп, өз кәсібін жетілдіруді көздейді.