Ойпырмай, осында бір апамыздың «қазақ қыздарының тәртібі үшін қазақ еркектері кінәлі» деп өңештеп жүргеніне үш күн болды, үш күн деп жазады Олжас Әбіл өзінің facebook-парақшасында.
О заманда бұ заман, қазақ әйелдеріне мұндай теорияны кім шығарып беріп жүр?
Меніңше, біздің әйелдер қазақ халқының алдындағы өздерінің тікелей міндетін ұмытып, әбден шатаса бастаған сияқты.
Егер ата дәстүрді білсеңіздер, қарапайым қазақ қызы үшін қашанда үлкен жауапкершілік алдымен оның шешесі мен жеңгелерінің мойнына жүктелген. Әке — ағалардың орыны — қазақ қыздарының өмірінде тек жанама, қосалқы жерде ғана болған. Ары кетсе — құда боп тойға бару, ұзату, төс — бауыр жесу болса, бергісі — тым пассивтік орын.
Тіпті, қызының оғаш қылығын байқаған әке, «әй, айт анау қызыңа» деп бәйбішесіне зірк ете қалатын болған. Болды. Оған мамық бәйбішелер мамырлай басып қыздарына барып жанын шығаратын болған. «Әй жүзіқара неме, кіммен не бүлдіріп жүрсің, кіммен өлең айттың, атастырылған жеріңе не айтамыз» дегендей….
Міне, бұл механизм сақарада ғасырлар бойы осылай жұмыс істеген.
Ал қызы одан оғаш қылық жасаса, әке- шешесін қинап, ағалары жеңгелерін сабап, оларды асып тастайтын болған. Себебі, қызға жауапты — қатыны.
Ол кезде де қылжақтап қызға баратын еркектер болған. «Қызға кім бармайды, қымызды кім ішпейді» деген сөз сол заманнан қалған. Ондайды «қыз ояту» деген, ал күйеу келетінді «ұрын бару» дейді. Сонда бұ жерде бұлар қыздарын шүршіттен қызғанып отырған жоқ, өз қазақ еркектерінен қорғаштап отыр. Жалпы, қашанда қазақ қызының арының ең бірінші жауы — қазақ еркегі болған. Ал қорғаны — қазақ әйелі болған.
Сырттан ондай арам ниет қонақтар келсе қыз өсіріп отырған үйдің бәйбішесінің тікелей басқаруымен жеңгелер үлкен сақтық шараларын жасап, қыз жататын үйді қатты күзеткен, тіпті қызды қойындарына басып жатып дегендей. Яғни, дәстүр бойынша қазақ қызы тікелей әйелдер әлемінің ықпалында болған, ал еркектер түзде жүрген немесе қазақ еркегі — ұл тәрбиесіне көп жауапты десе болады. Ал қыз тәрбиесінде оның ықпалы — минимум.
Сосын, қазақ қызының ең жақыны — жеңгесі, қыз абыроймен ұзатылып кеткенше онымен тонның ішкі бауындай жақсы болғаны да белгілі. «Көзжақсым», «аппағым — сатпағым» деп ат қойып туған бауырындай болған.
Өкінішке орай бүгін бұл механизм жұмыс істемейді.
Біздің бүгінгі әйелдеріміздің ұлт тәрбиесіндегі тікелей өз міндетін білмей шатып, айтып жүргендері анау, сосын қазақ қызының тәрбиесі қайдан оңсын.