Алматыда жоғалып кетіп, 12 күн бойы іздестіріліп табылған 15 жастағы Айгерім Рысбектің анасы көпшілікке видеоүндеу жолдап, қылмыстық істің тергелуі үшін көмек сұрады.
«Мен жоғалып кеткен 15 жастағы қыздың анасы Нұрлыхан Рахимова және қызым Айгерім Рысбек бүгін, Халықаралық әйелдер күні, сіздерге жан айқайымды жеткізіп, көмек сұрауыма тура келді. Осы жылдың 23 ақпанында менің 15 жастағы қызым Айгерім Рысбекті Сабиров Назым есімді жігіт көлігіне күштеп отырғызып, ұрлап кетті. Олар әлеуметтік желіде танысып, «Саяхат» автовокзалының маңында кездеспек болған», – дейді әйел.
Әйелдің айтуынша, Сабиров достарымен бірге қызды ұрлап кетіп, бірнеше күн бойы қараңғы бөлмеде қамап ұстаған. Осы уақытта қызды бірнеше рет зорлап, ұрып-соққан. Айгерімнің денесіндегі көгерген орындар мен жаралар соның айғағы дейді анасы.
«3 күн бойы Айгерімді өз күшімізбен таппақ болдық. Таба алмағандықтан, Алматы қаласы Жетісу аудандық ІІБ-ге жүгінуімізге тура келді. ІІБ қызметкерлері біздің шағымымызға қатысты ешқандай шара қолданбады деуге болады. Мұнан кейін прокуратура мен БАҚ-тан көмек сұрауымызға тура келді. 12 күннен кейін қалалық ІІБ Айгерімді тапты», – дейді Нұрлыхан Рахимова.
Алайда, анасының сөзінше, құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғаудан бас тартып отыр.
«Алматы бойынша ІІБ қызымды бірнеше күн бойы таба алмай қойғанымен қатар, оның үйден өз еркімен кетіп, қайтқысы келмегенін мәлімдеді. Мен анасы ретінде, ІІБ-нің бұл мәліметін теріске шығарамын және аталған фактінің толық тексерілуін талап етемін. Бізге тергеу амалдары жүргізіліп жатқанын айтты. Бірақ бізбен ешкім байланысқа шықпады. Құдды, Айгерімнің табылғанымен іс біткен сияқты. Бұл істе келеңсіздіктер көп деп ойлаймыз», – дейді Айгерімнің анасы.
Осыған байланысты Нұрлыхан Рахимова «Нұр Отан» партиясы, құқық қорғау органдарының басқарушылары, балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Зағипа Балиева мен барлық БАҚ-тан көмек сұрап, қызы Айгерім Рысбектің ісі қоғам бақылауына алынып, жәбірлеушілер тиісті жазасын алса екен дейді.
Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін Алматыда 15 жастағы қыз жоғалып кеткен еді. Айгерімнің ағасы қарындасымен желіде сөйлескен жігіттің онымен 3 сағатқа пәтер жалдағанын айтты. Ал 6 нарузыда Айгерім табылып, артынша үш жігіттің өзін зорлағаны туралы сұмдық жайдың бетін ашты.
Дереккөз: Stan.kz