Қызылорда облысы Қазалы ауданына қарасты Аранды ауылына тасқын су жетті. Елдімекендегі №97 мектепті су алып кетуіне байланысты мұнда сабақтар түгел тоқтатылған.
Облыс əкімінің орынбасары С.Сүлейменов, облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасының басшысы С.Сермағамбетов жəне облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы О.Бержанов бастаған жұмыс тобы аймақтың солтүстік аудандарында су тасқынының алдын алу жұмыстарын пысықтау барысында Арандыдағы мектеп аумағын су басты деген хабарламаға сəйкес, оқиға орнына барып, нысанның жағдайымен танысты.
Комиссия мүшелері су алған аумақ пен мектеп ғимаратының техникалық жағдайымен танысты. Нысанға түскен сызат пен еденнің көтеріліп кетуіне байланысты ғимаратта оқу процесін тоқтату туралы шешім қабылдады.
Облыс əкімінің тапсырмасына сəйкес құрылған сарапшылар комиссиясы мектептің техникалық жағдайын кешенді түрде зерттеп, оқиғаның себебін анықтайды.
Облыстық білім басқармасы оқушылардың білім алу процесі тоқтамайтынын мəлімдеді. 12 наурыздан бастап мектеп мұғалімдері мен 98 оқушысы көршілес Қожабақы ауылындағы №25 мектептің екінші ауысымында оқиды. Ұстаздар құрамы мен оқушыларды тасымалдау үшін Қазалы ауданы əкімдігінен арнайы көлік бөлінген.