14.03.2018, 08:28

Хиджабын шешпеген ақтөбелік оқушылар келесі сыныпқа көшпеуі мүмкін

Ақтөбе облыстық білім басқармасы орамал дауына орай мектепке келмей отырған оқушыларды келесі сыныпқа көшірмеуі мүмкін. 13 наурыз күні облыстық әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында Басқармасы басшысы Ләззат Оразбаеваның айтуынша, басқарма қазір бұл мәселеге орай білім министрлігімен кеңесіп жатыр.

Ләззат Оразбаеваның дерегінше, қазір облыста "мектеп формасын сақтамағандықтан" сабаққа қатыса алмай отырған 72 бала бар. Оның басым бөлігі Ақтөбе қаласындағы орта мектептердің оқушылары. Ақтөбе облыстық білім басқарамасы басшысы бұл мәселе әсіресе Алға және Мұғалжар аудандарында өзекті екенін айтты.

- 2018 жылдың қаңтар айындағы дерек бойынша, облыс мектептеріне орамал тартып келетін 340 оқушы бар болатын. Бүгінге дейін 268 оқушы орамалдарын шешті. Орамалын шешкісі келмеген 32 қыз бала қоныс ауыстырып, қазір Алматы мен Шымкентте оқып жүр, - дейді Ләззат Оразбаева.

Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Жолдас Қалмағамбетов мектеп формасын сақтамай отырған 72 оқушының 16-сы ғана бәлиғат жасына толған қыз бала екенін айтады.

- Осыдан екі тәулік бұрын Ақтөбе облыстық дін істері басқармасына орамал дауына қатысты 200-ге жуық ата-ана қол қойған үндеу түсті. Осыған дейін бұл үндеу интернетте жарияланған болатын. Онда Ақтөбеде дін ұстанушыларға қысым жасалып жатқаны туралы айтылады. Мен мұнымен мүлдем келіспеймін! Тәуелсіздік алған жылдары облыста екі мешіт бар болатын. Қазір олардың саны 67-ге жетті. Біз ешкімнің діни наным-сеніміне қол сұққан емеспіз. Бірақ зайырлы мемлекеттің оқушысы мектеп қабырғасында мектеп формасын сақтауға міндетті, - дейді ол.

Ақтөбе облысы бойынша білім саласын бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Жанат Мұхамбеталинаның айтуынша, осыған дейін баласы мектеп формасын сақтамаған 18 ата-анаға 5 айлық есептік көрсеткішке тең (12025 теңге) айыппұл салынған. Айыппұлдарын төлегеннен кейін бес ата-ана балаларын мектепке орамалсыз жібере бастаған. Департамент баласы мектеп формасын сақтамайтын тағы үш адамның құжаттарын тексеріп жатыр. Оларға да айыппұл салынуы мүмкін.

Ислам діни көзқарасын ұстанатын ондаған ақтөбелік ата-ана оқушы қыздарының мектепке орамал тағып барғанын қалайды. Олар діни сенімге сәйкес киіну хақылары бар екенін, Қазақстан конституциясының діни наным-сенім бостандығына кепіл беретінін айтады. Білім беру мекемелерінің басшылары мен билік өкілдері оқушылардың мектеп ішінде бірыңғай форма киюі керек екеніне, мектеп формасы туралы Білім және ғылым министрлігінің арнайы бұйрығы мен ережесі бекітілгеніне нұсқайды. Жергілікті билік дін ұстанатын оқушылардың мектептен тыс жерде қалай киінсе де, өз еркілері екенін ескертіп келеді.

Мектепте орамал тартуға қатысты дау биыл Қазақстаннның бірнеше өңірінде туындаған. Кейбір облыстарда орамал тартатын оқушыларды сабаққа кіргізбей қою оқиғалары да кездескен. Ондаған оқушының ата-анасы орамал тартатын балаларының мектепке кіргізілмеуіне қатысты сотқа шағмданған. Бірақ сот білім және ғылым министрлігі мен мектептің ұстанымын қолдаған.

Дереккөз: centralasian.org