16.03.2018, 06:53

Астанадағы балабақшада бүлдіршіндер ішек инфекциясын жұқтырған

Астананың №36 балабақшасының шәкірттері жедел ішек инфекциясына шалдыққан соң, әкімдік тексеру жүргізіп, нәтижесін хабарлады деп жазады «Астана» арнасы.

Білім басқармасы хабарлағандай, 18 адамның инфекция жұқтырғаны анықталған, олардың екеуі – ересек адамдар, қалғандары – бүлдіршіндер. Жұқпалы дерттің қалайша тарағанын әкімдік түсіндірген жоқ, ал балабақша жұмысын қайта жалғастыра бастады.

"СЭС біршама жұмыс атқарып, бүкіл қызметкерден талдау алды, лабораториялық зерттеулер жүргізілді. Жұмыс нәтижесі көрсеткендей, инфекцияның бар екені расталды, бірақ оның қалай тарағанын құзырлы органдар түсіндіргені жөн. Қазір 18 адамның инфекция жұқтырғаны белгілі, екі ересек адам мен 16 бала", — деп мәлімет берді Астана білім басқармасының мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бөлімінің басшысы Ләззат Разбекова.

Айта кетсек, ақпан айының басында №36 балабақшаның тәрбиешісі мен он баланың белгісіз инфекция жұқтырғаны анықталған болатын. 5 жасар бүлдіршіндер тәулік ішінде құсып, ыстығы көтеріліп, іші өткен. Оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, сараптама жүргізіліп, азық-түлік блогы тексерілді.

Дереккөз: Sputniknews.kz