$ 498.34  519.72  4.85

ШҚО-да үйін су басқан қарияларды әкімдік мектептегі жайсыз орындарға жатқызып қойған

Глубокое ауданының Прогресс ауылында 50-ден астам үй су астында қалып отыр. Тасқын тоқтағанымен, су жайылған аулаларға бару қауіпті болып тұр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Таңғы сағат 7.00-ден бастап облыс әкімі Даниал Ахметов Глубокое ауданында тасқыннан зардап шеккен ауылдарды аралады. Глубочанка өзенінің бойында жатқан елді мекеннің бірі - Прогресс ауылы. Мұнда 50 үйді су басып, 222 адам қауіпсіз жерге көшірілген екен. Үй ішіндегі судың тереңдігі 40-60 сантиметрге жеткен. Оларға кірмек түгіл, ауласына аяқ басудың өзі қауіпті. Сондықтан, әр көшеге кезекші қойылыпты. Апаттан есін жиған халық үйінің жағдайын көру үшін келгенімен, ауласына да кіре алмай, кері қайтып жатты. Үйін тастап шыққан тұрғындардың көбі Өскемен мен Глубокое кентіндегі туыстарын паналаған екен. Ал ауыл мектебін 9 зейнеткер паналауда. Даниал Ахметов олардың әрқайсымен жеке-жеке сөйлесіп, талап-тілектерін тыңдады. Сондай-ақ, ол мектеп базасында  ұйымдастырылған уақытша баспананың жайсыздықтары бар екенін ескертті.

«Бір бөлмеге 10 төсек қойғансыздар. Бұл ешқандай санитарлық талапқа сыймайды. Көрпе-жастық, киім-кешектің бәрі таза болуы керек. Екі сағаттың ішінде уақытша тұрғындардың жағдайын жақсартыңыздар» - деді ол.

Өзен суының молаюына Белоусовка кентіндегі бөгеттен көп мөлшерде су жіберілуі себепші болды деген болжам кеше де айтылған болатын. Даниал Ахметов бөгет басына барып, оның жағдайын көзбен көрді. Бөгеттің суағары реттелмейтін болып шықты.

Аудан әкімі Қалихан Байғонысовтың айтуынша, нысан 2000 жылдан бері «Қазминералс» компаниясының басқаруына берілген екен.

«Бөгеттен аққан суды реттеу мүмкін емес. Қажетті межеге жеткен соң артық су өздігінен ағып отырады. Сыртқа шыққан судың Глубочанка өзеніне қосылатыны рас. Өзеннің арнасынан асуына осы жағдай да себепші болған» - дейді аудан әкімі.

Белоусовка кентінің өзінде 52 үйді су алған. Оның кейбірінде ешкім тұрмайтынын анықталыпты. Қауіпсіз жерге көшірілген 42 адамның 23-і аграрлық колледждің ғимаратына орналастырылған. Уақытша баспананы баларымен паналап жатқан Әсем Ахметжанова есімді тұрғын үйіне қарғын суы 11 наурыздан бастап кіргенін айтады.

«Алғаш су 11 наурызда кірді. Қора мен асхананы, үйдің екі бөлмесін қызыл асықтан келетін су алып қалды. Көмек келмеген соң ертеңінде әкімдікке бардым. Олар су сорғы әкелгенімен, мұз боп қатқан суды сорғыта алмады. Осылайша үйіміз бір апта бойы қарғын судың құрсауында тұрды. Үйде денсаулығы нашар қария бар болатын. Оны туысқандарымызға апардық. Өзім баламмен ауруханаға жатып шықтым» - дейді Әсем Ахметжанова.

Аяқ астынан үйлерін тастап шыққан тұрғындардың көбі құжаттан басқа заттарын алып үлгермегендерін айтумен болды. Даниал Ахметов үйіне кіре алмай қалған тұрғындарды  ең қажет деген заттармен қамту үшін бірінші кезекпен 10 млн теңге бөлетінін айтты. Ал шығынның орнын толтыру жұмыстары үйлердің барлығы есепке алынған соң жүрмек.

Глубокое кентіне түнделетіп жеткен ауыр техникалар ағынның кептелісін бәсеңдетіпті. Дегенмен, мұнда да жағаға жақын орналасқан үйлердің көбіне әлі де болса кіру мүмкін емес.

Предгорное ауылында 35 үйді су басқан екен. Қазір тасыған суға екі қатар бөгет орнатылуда. Даниал Ахметов мұндағы жұмыстардың жүйелі ұйымдастырылғанын атап, аулаларға тоқтаған топан суды сорғытудың амалдарын қарастыруды тапсырды. Көлкіген судың ортасында тұрған бірнеше үйді аралаған аймақ басшысы тұрғындарға барлық шығынды мемлекет өтейтінін жеткізді. Мұндағы елдің кейбірінің үйіне су тізеден кірсе, кейбірінің ауладағы көлігі оталмай қалған.  Тоқтау судың тізеден асатынына қарамастан, тұрғындар үйлеріне келіп, малын жайғап, мүліктерін түгендеуде.

«Бұл ауданда су басқан үйлердің саны 167-ге жетті. Шығын әлі есептелуде. Әсіресе Белоусовка және Глубокое кенттері, Прогресс және Предгорное ауылдары қатты зардап шеккен. Бұл жағдай жылда қайталанбас үшін кейбір жерде өзен арнасын кеңейтіп, кейбір тұстағы үйлерді мүлде қауіпсіз орынға көшіреміз. Ертең сағат 11:00-ге дейін алғашқы көмекке қажет қаржыны тиісті шотқа аударамыз» - деді Даниал Ахметов.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары