Танымал әнші Ерке Есмаханды әлеуметтік желі қолданушылары Кемероводағы қайғылы жағдайға аза тұтпағаны үшін жаппай айыптап жатыр. Әнші кеше Мәскеуге барып, қалада түскен суретін Instagram-парақшасына жүктеген болатын.
Ерке Ресей астанасына орыс шоу-бизнесінің танымал жұлдызы Ольга Бузованы іздеп барғанын айтыпты. Алайда, оның желідегі оқырмандары әншіні дереу "жағадан алып", қаралы күн жарияланған елде суретке түсіп, көңіл көтермеу керектігін, орыстармен бірге аза тұтып, оларға көңіл айту керектігін жазған.
Иә, Ресейдегі болған оқиға - үлкен трагедия. Оған ешкімнің дауы жоқ. Бүкіл Қазақстан халқы көрші елге әліге дейін көңіл айтып жатыр. Алайда, Ресейде жарияланған қаралы күн үшін Қазақстан азаматтары аза тұтулары міндетті ме? Біз өз алдымызға тәуелсіз мемлекет сияқты едік қой?! Әлде Ресейдің құрамындағы губерниямыз ба? Құдай сақтасын, біз 27 жылдан бері егемен елміз. Ендеше қазақстандықтар өзге елдегі қаралы күн үшін не үшін аза тұтулары керек? Бұларды түсінбедік...